Ағымдық жылы қарашаның 1-2 күндері Қоғамдық келісім комитеті жанындағы Дін мәселелері жөніндегі Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы (РАТТ) тұрғындар арасында бірқатар кездесулер өткізді. Түркістан өңіріне іс-сапармен келген топ құрамында білікті дінтанушы, теолог мамандар, психологтар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері, сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министрлігінің де өкілі болды, Toppress.kz деп хабарлайды.
РАТТ мүшелерінің қатысуымен Түркістан, Шымкент, Кентау қалаларында, Ордабасы, Арыс, Сарыағаш, Келес аудандарында нысаналы топтармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, РАТТ өкілдері өңірдегі діни оқу орындарындағы білімгерлермен, яғни, медресе шәкірттерімен кездесіп, зайырлы мемлекеттегі дін мен білім, дін мен ғылым, дін мен жастар дамуының үйлесімділігі турасында сұхбаттар жүргізді.
Сарыағаш медресесіндегі білімгер қыз балалармен өткен кездесуде "Нұр-Мүбарак" университетінің доценті, теология ғылымдарының докторы Әділбаева Шамшат адамның діни сауаттылықты арттыру арқылы қоғамға, қоршаған ортаға деген көзқарасы қалыптасып, кемелдену құбылысы жүзеге асатынына тоқталды.
Тәуелсіздік алған тұстардан бастап, қоғамдағы мемлекет пен діннің өзара қатынастары жаңа арнаға ауысып, атеизм идеологиясы мемлекеттік ұстанымның бір бөлігі болудан қалып, оның орнына қоғамда дүниетанымдық көзқарастардың алуан түрлілігі пайда болды.
Сондықтан қазіргі таңда діни сауатты көтеру, оны арттырудың жолдарын қарастыру кезек күттірмейтін мәселе болып тұр. Діни сауаттылықты арттыру әсіресе қоғамның маңызды бөлшегі болып саналатын әйел адамдар үшін де өте маңызды. Себебі дана халқымыз "Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді", – дейді. Мұсылман ғалымдары да: "Жер бетінде тіршілік ететін адамдардың тең жартысын әйелдер құрайды, ал қалған жартысы болса әйелдердің тәрбиесімен жол бастайды" дейді. Демек қай кезде де болмасын әйел адамның қоғамдағы орны ерекше әрі өте маңызды" деп Шамшат Амангелдіқызы ойымен бөлісті.
Білімгер қыз балалармен кездесулерде "Исламда әйелдердің білім алу құқығы ерлермен бірдей. Ислам діні мұсылмандарды білім алуға ұмтылуға міндеттегенде оларды ер мен әйел деп бөлмеді. Мұхаммед пайғамбар білім іздеу ер кісі болсын, әйел болсын, әрбір мұсылманның міндеті деп жариялады. Ислам тарихында дін негіздерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде мұсылман ғалымдарының ішінде әйел адамдардың да қосқан үлесі зор. Білім саласы бойынша әйелдердің арасында Мұхаммед пайғамбардың жұбайларының алар орны ерекше. Солардың ішінде айрықша қабілетімен ерекшеленген Айша анамыздың шоқтығы биік екені белгілі. Мұхаммед пайғамбар қайтыс болғаннан кейін ілім сұраған көпшілік соған келіп жүгінетін болған. Ол фиқһ, хадис, тәпсір, әдебиет, ақындық, медицина, шежіре, тарих сынды салаларда өзінің білгенін бөлісумен қатар, аталмыш мәселелерде өзіне жеткен қате деректерді түзеп, кемшілігі барларын толықтыратын. Сол үшін Хаким сияқты үлкен ғалымдар дін ілімінің төрттен бірі Айша анамыз арқылы жеткенін айтқан. Ол Құран түсіндірмелерін пайғамбарымыздың қасында жүріп үйренген, түсіне алмаған тұстарын тіке өзінен сұрап, Құрандағы жайттардың іс жүзіндегі көрінісіне қырағылық танытқан. Ілімдегі тереңдігі жағынан басқалардан, өзге ғалым сахабалардан оқ бойы озық тұрған. Аяттардың түсу себебін біліп қана қоймай, дінді тиісінше түсіне білді. Көріп-білгендерін шебер тілмен түсіндіре де білді. Сонымен қатар ол хадис ғылымының алғашқы мектебі, мұсылманның сенім негіздерін белгілейтін өлшем Құран мен сүннетті ең жақсы білетін жан ретінде танылды" деген мысалдар келтірді РАТТ мүшесі.
Түркістан облысындағы өткен іс-шараларда мектепте дінтану пәнін жүргізетін мұғалімдермен кездесулерде М.Әуезов атындағы ОҚМУ "Заңтану және халықаралық қатынастар" факультетінің ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша деканның орынбасары, "халықаралық құқық" мамандығы бойынша философия докторы (Ph.D), доцент, исламтанушы Ермек Бекбосынов, жалпы алғанда, теология мен әртүрлі ғылым салалары арасындағы негізгі ғылыми қайшылықтар "дін" ұғымына байланысты. Теология ғылымында "дін" ұғымына қатысты екі жүзден астам анықтамалар бар, олар әр түрлі түсініктер мен сенімдердің, діни ағымдар мен діни секталардың барлығын қамтитынын түсіндірді.
Бүгінде әлемде көптеген секталар, түрлі сипаттағы экстремистік және террористік ұйымдар мен топтар бар. Олардың өзіндік идеологиялық және психологиялық "арбау" тәсілдері мен әдістері әртүрлі болып келеді. Ермек Түленұлы қазіргі кезде зерттеуші-ғалымдар мұндай арбау кезеңдерін шартты түрде үш кезеңге бөлетінін айтты: бірінші кезең "еріту", "балқыту"; екінші кезең "өзгерту"; үшінші кезең "қатырып тастау". "Осы тұста, ерекше айтар жайт, секталардың, экстремистік және террористік ұйымдар мен топтардың "идеологтары" бірінші кезеңдегі іс-әрекеттерге барудан бұрын, әуелі көп адамдардың күдігін, күмәнін, пікір-таласын тудырмайтын діни мазмұндағы ақпараттарды (Құран аяттары, хадистер, оның ішінде, бес уақыт намаз, ораза, ақырет, тозақ, жәннат және т.б.) түсіндіруден, үйретуден бастайды. Көп адамдар осы жағдайды аңғара бермейді. Сондықтан бес сезім мүшесі сау адам өз ақылымен "идеологтардың" немесе олардың көмекшілерінің не олардың жолын ұстанушылардың "уағызын", "сөздерін" оқиды, тыңдайды және естиді. Бұл ретте, мәселе (проблема) діни мазмұндағы ақпаратта емес (яғни ондай ақпарат шынайы болуы мүмкін). Негізгі мәселе адамның ішкі сүзгісінде" деп түйіндейді сарапшы.
Жалпы алғанда, РАТТ мүшелері қатысуымен өткен іс-шаралар барысында тұрғындарға дәстүрлі діни құндылықтар мен деструктивті діни ағымдардың зардабы толыққанды түсіндіріліп, бірқатар сұрақтарға тиісті жауаптар берілді.