Жастар жылында жастарды жұмыспен қамту мәселесіне баса назар аударылады. "Жастар – ел тірегі" атты ауқымды жобада "Жас кәсіпкер" және "Жас маман" деп аталатын екі бастама қолға алынбақ. Онда кәсіпкерлік салаға енді қадам басқан жастардың бет алысын дұрыс бағыттауға назар аударылып, жұмыссыз, оқусыз сенделіп жүрген жастармен жұмыс жүргізу көзделіп отыр. Осы мақсатта жергілікті атқарушы органдармен келісіліп 10 мың грант бөлігіп, 500 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілмек. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы міндетін атқарушы Асхат Оралов кеңінен айтып берді, Toppress.kz деп хабарлайды.
− Үш жыл ішінде 2021 жылға дейін өз кәсібін ашамын деген 30 мың жасқа қаржылай қолдау көрсету жоспарланып отыр. Бұл жоба биылдан қалмай іске асады. Елімізде жүзеге асырылған "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, 600 жас кәсіпкер гранттық қаржыландыруға қол жеткізіп, оған 3 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіледі. Биыл көмектің бұл түрін алатын жастар саны – 200-ді құрса, алдағы екі жылда да 200 жас кәсіпкер осы мүмкіндікке ие бола алады. Бұған қоса, мемлекетік "Еңбек" бағдарламасы бойынша микронесие беру көзделіп отыр. Онда еліміздегі 5 мың жас кәсіпкер несие алуына болады,- деді.
Оның айтуынша, "Жас маман" бағдарламасы 100/200 қағидаты бойынша жүзеге аспақ. Алдағы жылдары республикадағы жоғары оқу орындарында оның ішінде 20 ЖОО-на, 180 колледжге модернизация жүргізіледі. Соның негізінде сұранысқа ие 200 мамандық даярланбақ. Бұған қоса, волонтерлерге берілетін степендияны 30 пайызға арттырып, ғылымға бет бұрған жастарды шыңдауға 3 жыл қатарынан 3 млрд теңге қарастырылып отыр. Елімізде бекітілген заң бойынша 35 жасқа дейін ғылыммен айналысқан жастарды бұл бағдарламаның қатысушысы деп айта аламыз.
– Жастар жылында назарға алынған жобалардың бірі – "Дипломмен ауылға" жобасы. Бұл бағдарламаның да көкжиегі кеңи түседі. Айта кетерлігі, заңгерлер мен қаржыгер мамандарды ауылға тарту үшін басымдық беріледі. Бағдарлама қатысушыларына арналған жәрдемақы 70 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін артады. Жастар жылы қарсаңында жоспарланған бағдарламалардың барлығы дерлік еліміздегі NEET жастардың үлесін 1 пайызға азайтуды көздейді, – деді ол.
Сонымен қатар, жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталған бастамалар да назардан тыс қалмайды. Оның ішінде қоршаған ортаны қорғауға арналған "Жасыл қала –Жасыл ауыл", төл өнерімізді насихаттайтын "Бүркітші" орталығы құрылып, әскери-патронттық тәрбиеге арналған бағдарлама іске аспақ. Бұған қоса, әлем тәжірбиесінде қалыптасқан волонтерлік жоба мен жастар туризмі қолға алынады.
– Жастар жылына арналған жол картасының 3-ші блокта жастардың пікірсайыс алаңын қалыптастыруға басымдық беріледі. Бұл бағытқа да қаражат қарастырылды. Бұл қатарға жастардың өзін-өзі дамыту орталықтарының жұмысын жандандыруға да көңіл бөлінбек. 4-ші блокта мемлекеттік ордандардың қатысумен өткізілетін чемпионаттар, фестивальдер, 10-шы жазғы универсиада, паралимпиада ойындары, әскеи-патрионттық шаралар іске асады,- деді Асхат Оралов.