Казахстан
1056

Вера Ким: Волонтерлікті ваххабизммен шатастырмау керек

Фото: toppress.kz

Жақында Қостанайдағы Ресей-Қазақстандық жастар форумының аясында екі елдің волонтерларымен  кездескен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы 2020 жылды Қазақстандағы Волонтерлар жылы деп жариялау туралы ұсынысқа келісім берді. Жастар форумында сөз алған Ұлттық Волонтерлар желісінің  жетекшісі Вера Ким еліміздегі өз еркімен ерікті аттанып, алғыс үшін қызмет ететін азаматтардың қызметіне тоқталған еді, деп Toppress.kz хабарлайды.

Бүгінгі күні волонтер десе көз алдымызға кімдер елестейді? Жалпы бұл Волонтерлік желіні елімізде қашан пайда болды?

Қазақстанда алғашқылардың бірі болып, белсенді волонтерлардың басын қосып, осындай игі істің бас-қасында жүрген ұлты кәріс болса да, қазақ халқының болашағы үшін қалтықсыз қызмет етіп жүрген Вера Ким ханымнан сұхбат алуды жөн көрдік.

Вера ханым, неге Волонтерлік желі? О баста барлығы неден басталды?

- Мен Павлодарда дүниеге келіп, дарынды балаларға арналған мектепті бітірдім. Содан жоғарғы оқу орнына түсіп, 2000 жылы бірінші курсты оқып жүргенде бос уақытым көп болды. Мектепте алған білімім жеткілікті болды, бәлкім, университет қабырғасындағы пәндер маған қиындық тудырмады. Университеттегі жетекшім Тамара Зозуляның: "Сен білесің бе, Вера, жас кезде қоғамға пайдалы іспен шұғылдан. Сен әлі, жассың, өзге саяси ағымдарға бет бұру әлі ерте" деген сөздері маған өмірімдегі ұстанымымды қалыптастыруға түрткі болды. Содан бос уақытымды пайдалы іспен айналысу үшін мен өзім сияқты еріктілерді іздей бастадым. Медицина саласын   тәмамдаған Динара Айтжанова есімді белсендімен танысып, кейін екеуміз әріптес болдық. Біз сол аудандағы жастарды тауып, қарттар  және балалар үйіне барып, қолымыздан келгенше қолғабыс жасайтын едік. Бізде ақша да жоқ, спонсор да жоқ болатын. Біз қарапайым нәрселермен шұғылдандық, мәселен жетімдер үйіндегі балаларды театрға апарып, қарттар үйіндегі қариялардың бөлмелерін тазалап беретін едік. Менің есімде мына бір оқиға жатталып қалған. Осындай күндердің бірінде жетім  ұл мен қызды қолынан жетектеп театрға апардым. Қойылым тамашалап отырып, бір уақытта антракттың кезінде болуы керек, кішкентай бала менің қолымды тартып: "Мен өскенде осылай балаларымды театрға әкелемін" деді. Менің санамда бұл үлкен сілкініс жасады. Себебі, жақсылық жасау арқылы біз өзгені де жақсылыққа, бауырмалдылыққа баулимыз...

Ұлттық волонтерлік желі дүниеге қалай келді?

Павлодарда қарттарға және жетім балаларға көмектесіп жүргенде бірнеше сұрақтар туындай бастады. Біз қоғамға пайда әкелеміз, бірақ бізде ресми атау жоқ. Біз өзімізді ортаға қалай таныстыруымыз керек деген сауалдар болды. Кез-келген ақпаратты тарату үшін біздер – еріктілер өздеріне статус беру керек деп шештік. Осылай "Павлодар қалалық әлеуметтік-волонтерлік орталық" құрылды. Одан кейін "Осал топтағы жастарға арналған қалалық әлеуметтік-волонтерлік орталығы" болып өзгердік. Мен Павлодар облысы бойынша үйлестірушісі, жетекшісі болдым. Осылай жұмысымыз алға басып, өзге аймақтардан да еріктілердің топтары құрыла бастады. Содан мен Астанаға келгенде, барлығымыздың басымызды қосып, 2010 жылы бір Желі болайық деген ұсыныс айттым. Бұл әрине, эксперимент ретінде болды. Екі жыл осылай жұмыс жасап көрейік, егер нәтиже болмаса, онда жабыламыз деп ойладым. Бірақ біздің жұмысымыз алға басты. 2012 жылы заңды түрде Ұлттық Волонтерлік желі болып тіркелдік.

Фото: toppress.kz

БҰҰ-мымен қай кезден бастап жұмыс жасадыңыздар?

Біріккен Ұлттар Ұйымының Еріктілер Бағдарламасының (БҰҰ) негізгі бағыттарының бірі - тұрғындардың өмір сүру жағдайларын жақсарту. Осылайша, волонтерлар іс-қимылдың жалпы жоспарын жүзеге асыруда және қаланың дамуына халықаралық көмек шеңберінде осы бағдарламаның нақты міндеттерін шешуде басты рөл атқарды. БҰҰ-ның қалалардағы қызметі, жалпыға ортақ дамудың инновациялық тәсілі арқылы, еріктілер арқылы қоғамның әлеуметтік және экологиялық дамуына ықпал етті. Біз еріктілер болып жұмыс істегенде, көптеген халықаралық ұйымдар өкілдерімен таныс болдық. Осылайша қалаларда жиі бірнеше ерікті ұйымдар және жеке дамудың түрлі салаларында жеке тұлғалар жұмыс істеді. Өз-өзіне көмектесу топтары және белгілі бір міндеттермен өзара көмек, сондай-ақ корпоративтік еріктілерде (жеке кәсіпкерлікті қолдау) болды. Бұл 2009 жыл болатын. БҰҰ өкілдерімен бірге еріктілердің жұмыстары жөнінде талқылап, өзіміз аймақтарға барып, ол жақтағы халықтың тыныс-тіршілігімен танысатын едік. Ол кезде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігімен біріге жұмыс жасап, жұмыс тобына мүше болдық. 

2016 жылы "Волонтерлік қызмет туралы" заң қабылданды. Оның жұмыс тобында сіздің бар екеніңізді білемін. Тарқатып айтып берсеңіз заңда барлық дүние ескерілді ме?

Шынымды айтсам, бұл заң мінсіз деп айта алмаймын. Бір қуантарлығы, жалпы заңның бар болғандығы. Біздің қоғамда волонтерлікті   вахабизммен шатастырып, сонау өз еркімен Сирияға барып соғысады деген қате пікір де бар. Оны мойындау керек. Заңда не қарастырылған, осы сұрақтарға жауап берсем. 19-баптан тұратын заңда волонтер дегенміз кім, олардың қызметін мемлекеттік тұрғыда реттеу, волонтер жұмысын ұйымдастыру және Қазақстан Республикасының волонтерлік қызмет туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық сынды көптеген маңызды дүниелер келтірілген. Сондай-ақ "Жол картасы" бойынша ескертулерді де есепке алдық.   Волонтерлерді қаржылық тұрғыда қолдау мәселесі маңызды екеніне назар аударғымыз келеді. Олар алғыс үшін қызмет ететін ерікті жандар. Бірақ олардың жүріп-тұруы, тамағы сынды шығындардың мәселесін көтеріп жүрміз. Әрине, демеуші табылып, олардың жұмысындағы шығындар жабылып жатады. 

Қазіргі таңда Ұлттық волонтерлік желіде неше волонтер тіркелген? Нақты статистика бар ма?

Біздің желіде белгілі бір статистиканы жүргізбейміз. Біздің сайтқа кіретін болсаңыз, түрлі қызметтер бойынша волонтерлер бар. Мәселен, ЭКСПО кезінде 5500 волонтер қызмет етті. Олардың барлығы өз еркімен тегін қызмет еткен ерікті студенттер. Волонтерлердің орташа жасы 30-35. 70-жастағы қарт волонтеріміз де бар. Халықаралық дәрежеде танылып жүрген волонтерлер бар. БҰҰ-ның Еріктілер бағдарламасы бойынша Африкада жүрген Айнұр Әпсеметова есімді құрбымызды айтып, мақтан етеміз. Қазіргі ғаламдық желі дамыған заманда, үйде отырып та волонтер болуға болады. Мәселен, егер қалтадағы қаржы мүмкіндік берсе, интернет арқылы мүгедектер арбасын сатып алып, оның өзге елдегі мұқтаж жанға сыйлауға болады. Осындай мысалдар өте көп. 5 желтоқсан ресми түрде Еріктілердің мерекесі болып табылады. Біз көбіне еріктілерді немен мотивация жасаймыз? Жаңа кездесулер, жаңа жерлер, мақтау қағаздарын тапсыру арқылы олардың еңбектерінің текке емес екенін айтамыз.

Ұлттық волонтерлік желіде басшы болумен қатар, сіз Zhasproject  Жастар корпусын дамыту жабасының Үйлестіру агенттігінің тізгінін ұстап отырсыз. Осы екі жоба да ұқсас бір дүние бар, бұл  -қоғамға пайда әкелу. Сізге сұрақ, жақсылық жасау, жалпы адамзат бойындағы игі іс неден бастау алады? 

Менің ата-әжем репрессия құрбандары. Олар сонау Кореядан Қазақстанға, Павлодар облысы Шарбақты елді-мекеніне жер аударылып келді. Әжем қазақ тілін өте жақсы білетін. Ол ортасына сыйлы, өте қонақ-жай кісі болатын. Әжемнің тек орта білімі ғана болды, соған қарамастан ол білдей бір мекеменің бас есепшісі қызметінде болды. Әжем үнемі айтушы еді, "аш адамнан хал сұрамас бұрын, алдымен тамақтандырып ал" деп. Біздің үйде үнемі қонақтар көп болатын. Барлық жылулық пен жақыныңа жәрдемдесу сынды қасиеттер сол отбасымнан шыққан. Олардың жылулығы арқылы бойыма сіңіре білдім деп ойлаймын. Сондай-ақ спорт менің өмірімде маңызды рөл алды. Мен 7 жастан бастап таэквондомен айналыстым, 12 жаста инструктор болдым. Менің тобымда өзімнен үлкен 16 жастағы жігіттер жаттығатын. Спорт менің мінез-құлқымның қалыптасуына қатты әсер етті десем артық айтқаным емес.

Сұхбат соңында қазіргі жастарға қандай ақыл кеңес берер едіңіз?

Барлық кезеңдерде аға буын жастарды ұрсуға құмар. Бүгінгі күннің жастары ашық, оқыған және өте ізденімпаз. Қазіргі таңда жастарға мүмкіндік өте көп. Шетелде оқығың келе ме, түрлі бағдарламалар өз есіктерін айқара ашуда. Мемлекетіміз де көп мүмкіндік беруде. Аспанға қарап алақан жайсаң, әрине ешкім саған дайын нәрсе әкеп бермейді. Өзің де ізденіп, қимылдауың керек қой. Мемлекеттің   сапалы білімі мен тегін медицинасы халық мүддесі үшін қызмет етуі тиіс. Жастар ұйқыны азайтып, көптеп еңбекке көңіл бөлсе , зор жетістікке жетенініне сенімдімін. 

Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рақмет.




Автор: Салтанат Аширбай 

04.06.2019 11:10

Похожие темы: #волонтерлік #еріктілік

Комментарии (0)

Рекомендуемые новости
Горячие новости

Грузим...