Қорқыт ата университетінде еліміз бойынша жоғары оқу орындарының кітапханаларын жүйелі жаңғырту бағдарламасы аясында кітапхана модернизациясы аяқталды. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек хабарлады.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек университет кітапханалары оқу орнының нақты даму деңгейін көрсететін маңызды көрсеткіш екенін атап өтті.
«Кітапхана – университеттің білімге, студентке және өз болашағына деген көзқарасын айқын көрсететін орта. Бүгінде біз жай ғана жөндеу емес, университеттік кеңістіктің философиясын өзгерту туралы айтып отырмыз», – деді министр.
Министрдің айтуынша, жаңартылған кітапхана студенттердің оқуына, командалық жұмысына және зияткерлік өзара байланысына арналған ашық әрі заманауи кеңістікке айналды.
«Мұндай кітапханалар студенттерді тартатын орталыққа айналып, жаңа академиялық мәдениетті қалыптастырады», – деп түйіндеді Саясат Нұрбек.
Жоғары оқу орындарының кітапханаларын жаңғырту жоғары білім беру жүйесін кешенді трансформациялау аясында жүзеге асырылуда және оқу сапасын арттыруға бағытталған.












