Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан әлеуметтік желідегі парақшасында қоғамдағы тәртіп, мәдениет пен тәрбие мәселесіне назар аударып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы тақырыпта бірнеше рет дабыл қаққанын атап өтті, деп хабарлайды Toppress.kz.
Депутаттың айтуынша, өркениетті қоғам құру үлкен ұрандардан емес, күнделікті қарапайым әдеттерден басталады. Дұрыс амандасу, айналадағы адамдарға құрметпен қарау, қоғамдық тәртіпті сақтау, көрінген жерге қоқыс тастамау, түкірмеу, өзгенің ала жібін аттамау — қоғам мәдениетінің көрсеткіші.
«Өркениетті мемлекет құру халықтың мәдениеті мен қоғамдық әдептен басталады», — деп жазды депутат Мемлекет басшысының сөздеріне тоқталып.
Жанарбек Әшімжан қоғамдық тәртіп пен мәдениеттің әлсіреуіне алаңдаушылық білдіріп, мәселенің түп-тамыры тәрбиеге барып тірелетінін жеткізді.
«Бұл қалай болғаны? Сонда тегіміз қайда, тектілігіміз қайда? Тәрбие қайда? Дәстүр қайда? Сыйластық қайда? Ең бастысы — адамгершілік қайда?» — деп сауал тастады ол.
Депутат қазақ қоғамында адамның тегі мен тәрбиесіне ежелден ерекше мән берілгенін еске салды. Оның пікірінше, тектілік тек ата-текпен емес, адамның ісінен, мінезінен және өзгеге деген қарым-қатынасынан көрінуі тиіс.
Әшімжан әр адамның жасаған әрекеті қоғамдық мәдениетке әсер ететінін атап өтті. Адамның өзінен басталған жақсы әдет оның айналасына да, бала-шағасына да оң ықпал етеді.
«Сондықтан өркениетті, дамыған ел боламыз десек, тал бесіктен басталатын тәрбиені түзейік, әдеп сақтайық», — деп түйіндеді депутат.












