Елімізде кәріз-тазарту құрылыстарының жай-күйі мәз емес. Кейбірінің тіпті әбден тозығы жеткен. Ал ескірген кәріз желілерін жаңарту аса маңызды. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов айтты, Toppress.kz Modernization.kz сайтқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Оның айтуынша, бүгінде кәріз-тазарту құрылыстарының нысанын көбейтіп қана қоймай, оны дұрыс жобалап, тексеріп, кейін дұрыс пайдалану да маңызды. Бұл жұмыстар «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүріп жатыр. Мәселен, қазір жеті қалада кәріз тазарту құрылыстары салынуда. Оларды қаржыландыру көзі әртүрлі. Мемлекеттік бюджет есебінен Астана, Атырау, Қаражал, Қарқаралы және Қызылорда қалаларындағы кәріз-тазарту құрылыстарын қаржыландырылады. Ақтөбе қаласы Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) қаржысымен, ал Қонаев қаласы мемлекет пен жеке компанияның бірлескен жобасы (МЖӘ) арқылы жүзеге асырылады.
Қай қалаларда жұмыс әлі басталмады?
Тағы бес қалада жобалар дайындық кезеңінде. Жезқазған мен Сатпаевқа биыл инфрақұрылымды дамыту қорынан қаржы бөлінді, бірақ жұмыс әлі басталған жоқ. Ал Қарағандыда ЕҚДБ қаржысымен жоба құжаттары әзірленіп жатыр, құрылыс 2027 жылы басталады. Таразда жоба құжаттары әзірленуде. Өскемендегі Жаңа Согра шағынауданы бойынша құжаттар түзетілуде.
«Техникалық оператордың мамандары елдің түрлі өңіріне барды. Олар нысандардың жағдайын көріп, құрылыстың уақытылы әрі сапалы жүруіне не кедергі болып жатқанын анықтады. Барлығы 66 тазарту құрылысы тексерілді», – деді Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов.
Қандай мәселелер анықталды?
Оның айтуынша, 20 сәуірде Курчатов қаласындағы құрылыстар тексеріліп, бірқатар мәселелер анықталды. Мәселен, нысанның бірінші кезегі мүлде жұмыс істемейді, ал екінші кезегі шектеулі түрде жұмыс істеп тұр және ондағы аэрация жүйесі өшірілген. Үшінші кезеңнің құрылысы 2012-2016 жылдары басталғанымен, әлі күнге дейін аяқталмаған әрі пайдалануға берілмеген. Ал құны шамамен 8 миллиард теңге болатын төртінші кезекті салу тек жоспарланып отыр.
Мамандардың пікірінше, үшінші бөлігін аяқтап, іске қосуға болады. Бұл қаражатты үнемдеуі мүмкін. Сондықтан нысанды толық тексеріп, төртінші бөлікті салғаннан гөрі үшіншіні аяқтау тиімді ме, соны бағалау ұсынылды.
Көптеген қалада мынадай кемшіліктер бар:
— тазартылған су жобада көрсетілген сапаға жетпейді;
— құрылыс алдында жасалатын техникалық тексеру не мүлде жүргізілмеген, не нашар жасалған;
— жобадағы көрсеткіштер шындыққа сай емес, асыра көрсетілген;
— нысандарды дұрыс пайдаланатын білікті мамандар жетіспейді.
Жағдайды қалай түзеуге болады?
Министрлік жобалаудан бастап пайдалануға дейін бәріне бірдей талап болу керек деп есептейді. Құрылыс кодексі бойынша жөндеу, қайта жаңарту немесе кеңейту алдында нысан міндетті түрде техникалық тексеруден өтеді. Бірақ осы тексерудің сапасы көп жерде сын көтермейді. Сондықтан екі өзгеріс ұсынылды.
1. Тексеру сапасына кім жауап беретіні айқындалады. Техникалық тексеру толық әрі сапалы өтуі үшін жауапкершілік табиғи монополия субъектілеріне (мысалы, су құбыры, жылу немесе электр желісі компанияларына) және ұлттық жобаны басқаратын әкімдердің орынбасарларына жүктелмек. Ұлттық жобаға өзгерістерді Ұлттық экономика министрлігімен бірге пысықтап жатыр. Ережелер жобасын барлық әкімдік мақұлдаған, қазір ол Ұлттық экономика министрлігінде қаралуда.
2. Барлық жобаға бірдей тәртіп енгізіледі. Қаржы қайдан келсе де, жобаға арналған техникалық тапсырманы және таңдалған технологиялық шешімдерді техникалық оператор келісуі керек.
Мұның бәрі жобаларды бірдей талаппен дайындауға, таңдалған шешімдерді негіздеуге көмектеседі. Сонда құрылыс бітіп, іске қосылғаннан кейін пайда болатын проблемалар да азаяды.
Алда не істелінеді?
Министрлік жобаны сапалы дайындауға көбірек көңіл бөледі. Техникалық тексеруге жергілікті билік те көбірек жауап береді. Жоспарланған шығындардың негізді болуы және құрылыс аяқталған соң нысанның дұрыс жұмыс істеуі де назарда болады. Сонымен қатар басқа мемлекеттік органдармен бірге заңнамалық талаптар жетілдіріледі және жобалардың орындалуына бақылау жалғасады.
Анықтама: «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы республика бойынша 2029 жылға дейін іске асырылады. Жоба коммуналдық инфрақұрылымның тозуын 40%-ға дейін төмендетуге және апат қаупін 20% қысқартуға бағытталған.















