Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайында сөйлеген сөзінде тарих сахнасындағы саяси қысымдарға қарамастан, ана тіліміз зиялы қауым мен қарапайым азаматтардың арқасында аман қалып, өз дамуын бір сәтке де тоқтатпағанын атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл — қазақ тілінің өміршеңдігі өте бірегей екенінің дәлелі, деп хабарлайды Toppress Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ал қазіргі таңда тіліміздің келешегіне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Бүгінде қазақ тілі озық технологиялар саласына кең ауқымда еніп, заман талабына сай қарқынды дамып келе жатыр. Еліміздегі сан алуан цифрлық платформалар табысты жұмыс істеп, толығымен қазақ тілінде қызмет көрсете бастады. Ана тіліміздің әлеуетін әлемнің озық технологиялық компаниялары да мойындай бастағаны қуантарлық жағдай.
Мәселен, OpenAI компаниясы жүргізген зерттеуге сәйкес, қазақ тілі соңғы үш жылда жасанды интеллект жүйесіндегі қолданыс аясы қарқынды кеңейіп жатқан тілдердің қатарына кірді. Сонымен қатар Yandex компаниясы өзінің белгілі өнімін былтырдан бері қазақ тілінде қолданатын адамдардың саны 30 пайызға артқанын мәлімдеді. Ал өткен жылы Google компаниясы қазақ тілін өз кезегінде Gemini тілдік моделіне енгізді.
Мемлекет басшысы мұның бәрі қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту үшін жүргізілген жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі екенін жеткізді. «Алтын шыққан жерді белден қаз» демекші, Президент осы бағытта басталған өте қажетті әрі маңызды жұмысты тоқтатпай, алдағы уақытта да табанды түрде жалғастыра беру керектігін қадап айтты.
















