Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайында сөйлеген сөзінде тілдің болашағы тек сөздік пен оқулыққа ғана байланысты емес екенін қадап айтты. Президенттің айтуынша, адам қай тілде ақпарат іздеп, фильм көріп, білім алса, сол тілдің әлеуеті күшейе түсетіні анық, деп хабарлайды Toppress Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы цифрлық кеңістікте қазақ тіліндегі сапалы әрі тартымды өнімдерді көбейту – аса маңызды міндет екенін жеткізді.
Әсіресе, қазақ тілін өздігінен үйренуге мүмкіндік беретін ІТ-өнімдер, балалардың тілін дамытуға арналған фильмдер мен ойындар көп болуы қажет. Жалпы алғанда, қазақ тіліндегі контенттің ауқымы ғылым, технология, мәдениет, кәсіпкерлік, спорт және басқа да өзекті тақырыптарды қамтып, мейлінше кең болғаны дұрыс.
Президент бұл бағыттағы жобаларға мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсетіліп, арнайы жұмыс тобы құрылатынын атап өтті. Бұл маңызды іске «Қазақ тілі» қоғамының басшысы Рауан Кенжеханұлы мен ұйым мүшелері зор үлес қосарына сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам құрамында жұмыс істеп тұрған Qazaq Tili Endowment Qory бастамасына өзі де қолдау көрсеткенін айтып, кәсіпкерлерді бұл іске белсенді түрде атсалысуға шақырды.
Мемлекет басшысы «Қазақ тілі» қоғамының бұл қызметін шын мәнінде халықтық мүддені көздеген іс деп бағалап, сайып келгенде тіліміздің болашағына бәріміз бірдей жауапты екенімізді жеткізді.
















