Мемлекет басшысы Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында өтіп жатқан «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайында сөз сөйлеп, соңғы жылдары жүзеге асырылған негізгі саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді қорытындылады, деп хабарлайды Toppress Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент ел дамуының маңызды межесінде халық бірлігі мен мемлекеттілікті нығайтудың айрықша мәніне тоқталды.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы соңғы жеті жылда халықтың ынтымағы арқасында ел өмірінің барлық саласын қамтыған ауқымды реформалар табысты жүзеге асқанын атап өтті.
Бұл ретте елдің негізгі темірқазығы саналатын жаңартылған Конституция Әділетті Қазақстанды құру ісіне заңдық тұрғыдан берік негіз қалады. Ата заңға сәйкес, мемлекеттің ең басты міндеті — ел Тәуелсіздігін, Егемендігін, аумақтық тұтастықты және азаматтардың құқықтарын қорғау.
Президент Тәуелсіздік кез келген мемлекет пен халық үшін ең қымбат құндылық екенін айтып, оны сақтау мен нығайту әрбір азаматтың қасиетті борышы екенін жеткізді.
















