Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеевпен телефон арқылы сөйлесті, – деп хабарлайды Toppress.kz.
Тараптар коронавирус індетімен байланысты әлемдегі ахуалды талқылады. Олар қос елдің жаһандық эпидемиологиялық апатты еңсеру бойынша қолға алған шараларына өзара қолдау білдірді, – деп хабарлады Елбасының баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, тараптар қазақ-өзбек ынтымақтастығы мен өңірлік күн тәртібінің өзекті мәселелерін қозғады.
Әңгіме соңында Назарбаев пен Мирзиеев бір-бірін ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамымен құттықтады.
Телефон әңгімесіне өзбек тарапы бастамашы болған.
Қазақстанда коронавирус эпидемиясына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Режим отыз күнге созылып, 15 сәуірде бір-ақ аяқталады.
Республикада соңғы деректер бойынша 49 адам вирус жұқтырған. Олар астана, Алматы және Қарағанды қалаларында.
19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылды.
Өзбекстанда коронавирусқа шалдыққандар саны 33 адамға жетіп отыр.











