Тәуелсіздік жылдарынан бастап мемлекет тарапынан жастарды қолдауға айтарлықтай көмек көрсетілді. Соның негізінде жастардың мүмкіндігін арттыру мақсатында біршама жобалар іске асты. Оның ішінде "Болашақ" бағдарламасы, "Дипломмен ауылға" жобасы, "Серпін" сынды бағдарламалар бар, деп хабарлайды Toppress.kz.
Мемлекет басшысы қоғам назарын жастар мәселесіне аударып, биылғы жылды жастар жылы деп қабылдады. Таяуда Жастар жылы аясында атқарылатын жұмыстар нақтыланып, Үкімет жол картасын бекітті. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстың барлығы жастардың мемлекеттік саясаттың басымдығына айналып отырғандығының дәлелі. Өткен жыл жастарға арналған жобалардың қарқынды қолға алынуымен ерекшеленді.
Қоғамдық даму министрі жанынан құрылған Жастар және отбасы істері комитетінің басшысы Асхат Раздықұлының айтуынша, былтыр қыркүйек айынан бастап 20 000 грант бөлінді. 2022 жылға дейін 75 мың адамға арналған жатақханалар салынады. Бұл – осыншама отбасына көмек деген сөз. Өйткені тегін білім, стипендия алып, жатын орынмен қамтамасыз етіліп, оқуын тәмамдап, табыс тапқан әрбір адам өз отбасына қолдау көрсетіп, тірек болу мүмкіндігін иеленеді. Бүгінде жастарға арналған әлеуметтік лифт платформасын кеңейту көзделіп отыр.
Бізде жүйе қалыптасқан, бала мектепті бітірген соң, ҰБТ арқылы грант иелене алады, егер оны қаламаса немесе мүмкіндігі болмаса, 2 жыл тегін оқытатын кәсіптік колледждерге бара алады. Міне, бұл да әлеуметтік лифт, – дейді А. Раздықұлы.
Оның айтуынша, жастар жылында қоғамдағы алаңдаушылықты ескеріп, пайдасыз жиындар, форумдар мен дөңгелек үстелдерден гөрі біздегі суицид, нашақорлық, бұзақылық секілді өзекті мәселелердің алдын алу мақсатында жастарға маңызды әрі қызықтыратын акцияларды, марафондарды, жаңа форматтағы жұмыстарды ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл ретте шалғайдағы жастар да назардан тыс қалмайды.










