Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің мұнай-газ саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Ақордада өткен салтанатты рәсімде Президент мұнай-газ кешенінің ұлттық экономикадағы стратегиялық рөлін ерекше атап өтіп, саланың еңбеккерлері мен ардагерлеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды, Toppress.kz хабарлайды.
Олардың қатарында «ҚазМұнайГаз Инжиниринг» ЖШС филиалының директоры Бақыт Иманбаев та бар. Ол бүгін Мемлекет басшысының қолынан «Парасат» орденін алды. Салтанатты рәсімнен кейін ол Президенттің сөздеріне қатысты өз ойымен бөлісіп, мұнай-газ саласының даму келешегі жөнінде пікірін білдірді.
Президент Қазақстанның әлемдік мұнай нарығында жетекші орынға ие екенін атап өтті. Сіздің ойыңызша, еліміз бұл позицияны сақтап қана қоймай, болашақта қалай нығайта алады?
Президентіміздің сөздері өте орынды. Бүгінгі таңда Қазақстан мұнай қоры жағынан да, өндіру көлемі жағынан да әлемдегі алдыңғы қатардағы елдердің бірі болып отыр. Геологиялық барлау жұмыстары Торғай ойпатында, Солтүстік Каспий аймағында, Атырау мен Маңғыстауда белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл болашақта жаңа кен орындарының ашылуына, өндіріс көлемінің артуына жол ашады. Яғни біздің еліміз тек бар қорды пайдаланумен шектелмей, болашағын да ойлап, жаңа мүмкіндіктерді зерттеп жатыр. Сонымен қатар, мұнай өңдеу саласын дамыту, шикізатты терең қайта өңдеу әлемдік нарықтағы орнымызды нығайтудың басты тетігі. Президенттің стратегиялық бағытының арқасында Қазақстанның мұнай-газ саласы ұзақ мерзім бойы әлемдік нарықтағы тұрақты ойыншы болып қала береді деп сенемін.
Бүгінде салаға жаңа технологиялар енгізіліп, ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Сіздіңше, бұл өзгерістер мұнай-газ саласының қарапайым қызметкерлерінің өміріне қандай әсерін тигізеді?
Шынында да, жаңа технологиялар мұнай-газ саласының болашағын айқындайтын басты факторлардың бірі. Бұрын ауыр әрі қауіпті жұмыстар қолмен атқарылса, қазір озық техника мен автоматтандырылған жүйелердің арқасында жұмысшылардың қауіпсіздігі артып, еңбек жағдайы едәуір жеңілдеді. Бұл тек өндірістің тиімділігін ғана емес, адамдардың әлеуметтік жағдайын да жақсартты. Мысалы, жаңа технологиялардың арқасында вахталық кенттер жаңартылып, инфрақұрылым дамып жатыр, медициналық және тұрмыстық қолдау күшейді. Бұл өзгерістер қарапайым мұнайшылардың өмір сапасына тікелей әсер етіп отыр. Менің ойымша, бұл – Президент жүргізіп отырған дұрыс саясаттың нәтижесі, себебі технология тек өндірісті дамытпайды, ол ең әуелі адамға қызмет етуі тиіс.
Президент ұрпақтар сабақтастығының және еңбек әулеттерінің маңыздылығын ерекше атады. Мұнай-газ саласының осындай үлкен тарихының бір бөлігі болу Сіз үшін нені білдіреді?
Ұрпақтар сабақтастығы мұнай-газ саласының басты құндылықтарының бірі. Әкеден балаға мұнайшы мамандығының жалғасуы нағыз дәстүр, әрі үлкен жауапкершілік. Өзім үшін осы тарихтың бір бөлігі болу үлкен мақтаныш. Бұл тек мамандықты жалғастыру ғана емес, сонымен қатар елге деген адалдықты, еңбектің қадірін, отансүйгіштікті бойға сіңіру деген сөз. Президент айтқандай, еңбек әулеттері біздің саламыздың тірегі. Олар жас мамандарға үлгі болып, тәжірибесін үйретеді. Сондықтан да мен үшін осы үлкен тарихтың жалғасы болу болашаққа аманат әрі елімнің дамуына қосқан үлесім деп білемін.
Мемлекет басшысы шикізатты терең өңдеу мен мұнай-газ химиясы жобаларын дамытуды маңызды бағыт ретінде атап өтті. Бұл қадамдар Қазақстан экономикасына және келешек ұрпаққа қандай жаңа мүмкіндіктер ашады деп ойлайсыз?
Жауап: Бұл бастама еліміздің стратегиялық дамуы үшін шешуші бағыттардың бірі. Бұрын Қазақстан мұнайының едәуір бөлігі шикізат күйінде экспортталатын, сондықтан біз қосымша құннан айырылып, экономикамыздың толық әлеуетін пайдалана алмай отырдық. Ал мұнай-газ химиясын дамыту арқылы біз тек шикізат өндіруші ел ғана емес, дайын өнім шығаратын, жоғары технологиялық өндірісі бар мемлекетке айналамыз.
Мысалы, Атырау облысындағы Қарабатан кешенінде пропилен мен полимер өндіретін зауыттар іске қосылып жатыр. Бұл жобалар Қазақстанға жаңа өнеркәсіптік қуат сыйлап, мұнайды терең өңдеуге мүмкіндік береді. Экономикалық тұрғыдан алғанда, дайын өнім экспорттау – шикізат сатудан әлдеқайда тиімді, яғни ел бюджетіне түсетін табыс бірнеше есе артады.
Ең бастысы бұл қадамдар келешек ұрпақ үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Мұнай-газ химиясы саласында заманауи зауыттар салынған сайын, жаңа жұмыс орындары ашылады, білікті мамандарға сұраныс көбейеді. Бұл жастардың әлемдік деңгейдегі жаңа технологияларды игеріп, кәсіби тұрғыда дамуына жол ашады. Сонымен қатар, отандық ғылым мен білім жүйесінде жаңа бағыттардың қалыптасуына ықпал етеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде мұнай-газ кешенінің стратегиялық маңызын атап өтіп, саланың жаңа даму бағыттарын белгіледі. Сіз Мемлекет басшысының Қазақстанның әлемдік энергетика нарығындағы орнын нығайтудағы жеке үлесін қалай бағалар едіңіз?
Президентіміздің мұнай-газ кешенінің стратегиялық маңызын үнемі атап өтуі қазіргі жағдайды ескергендегі өте орынды қадам. Себебі Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда өңірлеріндегі көптеген кен орындары соңғы стадияға жетіп, мұнай қорының азая бастағаны байқалып отыр. Мұндай жағдайда саланы дамытудың жаңа жолдарын қарастыру уақыт талабы.
Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен мұнай-газ саласында ауқымды стратегиялық жоспарлар жасалып, жаңа технологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлініп жатыр. Шетелдік тәжірибені пайдалану, озық технологияларды әкелу және оларды отандық жағдайға бейімдеу ескі кен орындарын тиімді пайдаланып, мұнай өндіруді ұзартуға үлкен септігін тигізуде.
Мемлекет басшысының салиқалы саясатының арқасында кен орындарын қайта игеру, реабилитация жасау жұмыстары қарқын алып, мұнай қорының тиімділігін арттыруға нақты үлес қосылып отыр. Бұл тек бүгінгі күннің емес, болашақ ұрпақтың да энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шешімдер деп есептеймін.












