«Астана Банкі» АҚ банктік және өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензиясынан айырылды, деп хабарлайды Baq.kz.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі басқармасының 2018 жылғы 18 қыркүйектегі № 214 қаулысына сәйкес «Астана Банкі» АҚ-ты «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңын бұзғаны үшін, сондай-ақ банктің ірі қатысушысының уәкілетті органның үстеме капиталдандыру жөніндегі талаптарын орындамағаны үшін лицензиясынан айырылған. Яғни Ұлттық Банк аталған Банкке 2015 жылғы 20 сәуірде берген № 1.1.32 лицензиядан 2018 жылғы 19 қыркүйектен бастап айыру туралы шешім қабылдаған.
Ұлттық банк таратқан мәліметте, Банктің активтері мен міндеттемелерінің банк секторының активтері мен міндеттемелеріндегі үлесінің төмен болуына байланысты (1%) Банкті лицензиядан айырудың басқа қаржы ұйымдар үшін тәуекелдері болмайтындығы айтылады.
«ҚР Ұлттық Банкі төрағасының 2018 жылғы 18 қыркүйектегі № 352 бұйрығымен уақытша әкімшілік тағайындалды, оған Банктің барлық басқару органының өкілеттіктері өтті. Банктің уақытша әкімшілігі өз қызметін Банктің тарату комиссиясы тағайындалғанға дейінгі кезеңде жүзеге асырады», – делінген хабарламада.