Танымал қазақстандық және ресейлік әртістер музыкалық мәдениеттерді жақындастыруға бағытталған жаңа жоба аясында "Астана Опера" театрында өнер көрсетпек. "Музыкаға толы Санкт-Петербор сарайлары" таңдамалы концерті 5 наурыз күні Камералық зал сахнасында өтеді, деп хабарлайды Toppress.kz.
Аталған кеш ширек ғасыр бойы Ресейдің мәдени астанасында жыл сайын өткізіліп келе жатқан әрі осы уақыт ішінде қаланың атаулы да сүйікті фестивальдерінің біріне айналған "Санкт-Петербор сарайлары" халықаралық музыкалық фестивалі аясында орын алмақ.
Фестивальдің көркемдік жетекшісі Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Мария Сафарьянц (скрипка), халықаралық байқаулардың лауреаты Станислав Соловьев (фортепиано), опера сахнасының жұлдыздары, "Астана Опера" жетекші солистері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Салтанат Ахметова (сопрано) мен Медет Чотабаев (тенор), Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян (бас), сондай-ақ опера труппасының бас концертмейстері Елена Сахно (фортепиано) елордалық театрда сарай музыкасының салтанатты атмосферасын жасайды.
Концерт бағдарламасында әлемдік классиканың жауһарлары: Т.Виталидің Чакона соль минор, П.Чайковскийдің "Сөзсіз ән", Скерцо, "Мелодия", С.Рахманиновтың Прелюдия және Элегия, Ф.Шуберттің Экспромт, Э.Григтің Скрипка мен фортепианоға арналған №3 сонатасы ұсынылған.