Көктемнің басынан қала билігі жол жөндеу жұмыстарына кірісіп кетті деп хабарлайды Toppress елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып.
«Жолдар бірнеше критерийлер бойынша таңдалды. Бірінші. Бұрын асфальт болмаған жолдарды таңдадық. Мұндай жолдардың көбі елді-мекендерде орналасқан. 150 көшенің 100-і елді-мекендерге тиесілі. Екінші. Жаңа автобус бағыттарын іске қосылатын көшелер мен қозғалыс қарқыны жоғары көшелер қамтылды. Үшінші. Тұрғындармен кездесу барысында олар әлеуметтік нысандарға апаратын көшелерді асфальттауды сұрады. Мектептерге, медициналық орталықтарға, балабақшаларға және т.б. апаратын жолдар тізімге енгізілді», деп жазды Алтай Көлгінов өзінің «Инстаграм» парақшасында.
Елорда әкімі кешкілік аралау барысында «Көктал» және «Агрогородок» елді-мекендеріндегі бірқатар көшелердің құрылыс барысымен танысты.
«Жалпы, осы екі елді-мекенде 33 көшені жөндейміз. Кездесу барысында тұрғындар жарықтандыру, жылыту, кәріз мәселелері бойынша бірқатар мәселелерді көтерді. Кейбір мәселелер бойынша шешім сол жерде қабылданды, қалғандары жоспарға бекітілді», – деді А.Көлгінов.