Қазақстандық зілтемірші, Әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин 2018 жылғы Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА.
Ильин 102 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Талдықорғанда өткен ел біріншілігінің үздігі атанды.
Спортшы жаңа салмақ дәрежесінде 172+208 келі зілтемірлерді жұлқи көтеруден Әлішер Оразбек пен Елдар Сембаевты артқа тастап, ең жоғары нәтиже көрсетті.
Аталмыш жарыстарда спортшыларымыз 96-дан 102 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Екі жыл бойы ресми жарыстарға қатыспаған Илья Ильин осы жолы алғаш рет тұғырға көтерілді. Бүкіл әлемге танымал ауыр атлетші жұлқи көтеруден үздік нәтиже көрсетіп, 165, 170 және 172 келі зіл темірлердің үшеуін де сәтті орындады.
Араға бірнеше сағат салып ол қазақстандықтарға Instagram парақшасы арқылы алғыс айтты.
"Бәріне сәлем! Көптен күткен алтын медалім міне. Үнемі жанымда демеу болып, маған табыс тілейтін жандарға, достарыма, жалпы бәріне алғыс айтқым келеді. Қолдауларыңыз үшін рахмет. Бұл біздің ортақ жеңісіміз. Бұл карьерамның басы болғандықтан, әлі талай жүлделер болады деген ойдамын", — деп Илья медалін көрсетті.
Спортшының айтуынша, ол осымен тоқтап қалмақ емес. Алдына қойған мақсаттары көп.
"Бүгін мен қайта оралдым. Енді әрі қарай да жұмысқа білек сыбана кірісетін боламын. Алда әлем чемпионаты күтіп тұр. Басты мақсат Олимпиада ойындары екені сөзсіз. Менің достарым, барлықтарыңызға рахмет! Мен сіздерді ерекше жақсы көремін! Бұл біздің ортақ жеңісіміз!" — деді Илья Ильин.