ҚР ҰҚК Ақмола облысы бойынша департаменті Нұр-Сұлтан қаласынан "PVP" синтетикалық есірткісін жеткізудің өңірлік арнасын ұйымдастырған есірткі тобы әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды Toppress.kz ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сонымен, 2019 жылғы 6 қарашада жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде Ақмола облысының аумағында әлеуметтік желілер мен Интернет-ресурстар арқылы синтетикалық есірткі өткізуге қатысы бар Ақмола облысының төрт тұрғыны ұсталды.
Ұсталғандардың тұрғылықты жерлері бойынша 300 г астам "PVP"(пиролидиновалерофенон) синтетикалық есірткісі, алынған заттардың қалдықтары бар ыдыстар, оларды орауға арналған полиэтилен пакеттері, есірткі тұтынуға арналған құрылғылар және электронды таразы алынды.
ҚР ҰҚК Ақмола облысы бойынша департаменті осы фактіні ҚР ҚК 297-бабы 3-б. бойынша СТБТ-ға тіркеді. Ұсталған адамдар Көкшетау қаласы ПБ УҰИ-ға қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.