Мемлекет басшысы әскери міндеттілердің арнаулы жиынына шақырылған елордалық сарбаздармен кездесті. Олардың көпшілігі қажет кезде Қарулы Күштеріміздің қатарын толықтырған ерікті жас азаматтар екені белгілі. Араларында осы салаға зор еңбек сіңірген офицерлер де бар. Ел Президенті қысылтаяң шақта Отанға қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен сарбаздарға айрықша алғыс білдірді, – деп хабарлайды Toppress.kz Маулен Әшімбаетың Facebook-тағы жеке парақшасына сілтеме жасап.⠀
⠀
Қазір бүкіл әлеммен бірге еліміз де коронавирус індетін ауыздықтау үшін барын салуда. Осындай күрделі кезеңде ел-жұрттың жұдырықтай жұмылуы аса маңызды. Сондықтан рухы асқақ ұлттың ұландары екенін таныта білген патриот жастарымыздың мұндай қадамы, шын мәнінде, құрметке лайық.⠀
⠀
Арнаулы жиынға қатысушылар төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге атсалысып жатыр. Соның аясында бекеттерде қызмет етіп, қоғамдық тәртіпті қадағалауға, залалсыздандыруға және басқа да жұмыстарға қатысуда. Осы ретте олардың алаңсыз жұмыс істеуі үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалғанын айрықша атап өткен жөн. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жайтқа ерекше назар аударып, сақтық шараларына баса мән берілгенін айтты.⠀
⠀
Жалпы, қазіргі таңда дәрігерлер мен әскерилерге зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Олар соны толық сезініп, өз міндеттерін мүлтіксіз орындап келеді. Сол сияқты ерікті сарбаздар да өздеріне артылған сенімді абыроймен ақтайды деп сенеміз. Біз осындай береке-бірліктің арқасында бұл қиындықтан аман өтіп, індетті бірге еңсереміз.⠀