Zhasproject Жастар корпусын дамыту жобасы 3 жылдың ішінде еліміздің 9000-нан аса жастарына 3000-ға жуық әлеуметтік жоба жасауларына мүмкіндік берді. Жастар әлеуметтік идеяларын іске асырумен қатар өздері өскен ортаға өз пайдасын тигізуге ұмтылады. Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласында 200-ге жуық жастар 60-тай әлеуметтік жоба жасады. Олардың ішінде білім саласы, тігін және аяқ-киім шеберханалары, сұлулық индустриясы және салауатты өмір салты сынды түрлі салалар бар, деп хабарлайды Toppress.kz.
Шағын кондитер цехын ашып, тегін таба-нан үлестіріп жүрген мейірімді жастардың бірі – Арайлым Оязханова. Жасына қарамай үлкен мейірімділікті танытып жүрген Арайлымның өміріне қысқаша тоқтап кетуді жөн көрдім. Арайлым Алтынбекқызы 1995 жылы Өзбекстанда дүниеге келіпті. Отбасында төрт баланың тұңғышы екен. Балалық шағы Ташкент қаласында өткен оны кішкентай кезінен ата-анасы еңбекке баулиды, отбасымен диқаншылықпен және мал шаруашылығымен айналысқан. 2011 жылы әкесі әскери қызметтен зейнеткерлікке шығады. Арайлым ол кезде Ташкент қаласындағы Қызмет көрсету саласы колледжнінің Банк жұмысы факультетінде оқып жүреді.
Арайлым бала кезден тамақ істегенді ұнатыпты. Үйде кшкім болмаған кезде ол өзінше түрлі тамақ істеп, пирог пісіріп эксперимент жасаған. Самса жасау сүйіп істейтін тағамдарының бірі болған. Ташкентті колледжде оқып жүрген Арайлым фармацевтикалық компанияда жұмыс істеп, ата-анасына көмек беріп жүреді. 2013 жылы толығымен Астанаға қоныс аударған Оязхановтар отбасы бұл жерде жаңа өмір бастайды. Арайлымның ата-анасы үшін екі баланы оқыту қиын болғандықтан, ол бірден жұмысқа тұрып, сырттай оқуға түседі. Осылай 2017 жылы әріптесі Дарханмен танысып олар отбасын құрады. Бір жылдан соң дүниеге сәбилері келіп, Арайлым бала күтіміне байланысты үйде отырады. Бірақ үйде құр қол отырмайын деп, тамақ пісіріп базарға апарып сатып жүреді. Солай күйбең тіршілігін кешіп жүргенде отағасының көлігі жанып кетіп, отбасында ауыр күндер басталады. Ақша жетіспейді, алайда отбасыны асырау керек болады. Бір күні үйлеріне Әлмира есімді туысы келіп, Арайлымға Zhasproject Жастар корпусын дамыту жобасы жайында айтып береді. Жобаның сайтына кіріп, талаптарымен танысқан алғыр келіншек белді бекем буып, байқауға қатысады. Оның жобасы нан пісіретін шағын кондитерлік цех болады. Осылайша Әлемдік банк пен ҚР Білім және ғылым министрлігі ұсынған жобаның жеңімпазы атанып, өзі тұратын ауданның халқына тегін нан үлестіре бастайды.
Астанаға келген кездері қалтамызда нан алуға 80 теңге болмай қалатын кездер көп болды. Мен үшін нанның иісі, оның бетіне сары май жағып жейтін кездер өте ыстық. Мен Zhasproject Жастар корпусын дамыту жобасына алғыс білдіремін. Алдағы уақытта ары қарай да мұқтаж жандарға тегін нан үлестіруді жалғастырамын. Себебі, мен қазір нан таратуды тоқтатып қойсам, халық маған ренжиді… – деп көзіне жас алды Арайлым.
Zhasproject Жастар корпусын дамыту жобасы 2020 жылы Алматы және Қарағанды облысы жастарына әлеуметтік жоба жасауына мүмкіндік береді. Жобаның жоспарына сійкес бұл екі аймақта 250-ге дейін әлеуметтік жоба іске асырылады деп болжанды.
Салтанат ӘШІРБАЙ