Нұрсұлтан Назарбаев Еуропаның іскер топ өкілдерімен кездесті деп хабарлайды Ақ орданың баспасөз қызметі. Жиында сөз алған мемлекет басшысы Еуропа елдері Қазақстанның сауда-экономика және инвестиция салаларындағы маңызды серіктестері саналатынын атап өтті.
Мемлекет басшысы экономика саласын цифрландыру мен инновациялық экожүйені дамытудың маңыздылығын атап өтіп, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелеріне назар аударды.
– Біздің елде Назарбаев Университеті және Инновациялық технологиялар паркі сияқты инновациялық кластерлер жұмыс істеуде. Биыл Астанада ІТ-стартаптардың жаңа «Астана Хаб» халықаралық технопаркі іске қосылады. Оны әлемнің ІТ-кәсіпкерлері мен инвесторларын тартатын тұтас инфрақұрылымға айналдыру көзделіп отыр. Технопарк жұмысына қатысушылар жеңілдетілген виза мен еңбек режімдерін пайдалана алады, сондай-ақ оларға салық жеңілдіктері де ұсынылатын болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларға «ЭКСПО» көрмесінің инфрақұрылымы базасында жұмыс істейтін және еліміздегі әрі өңірдегі «жасыл» жобаларды жүзеге асыруға септігін тигізетін «Жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық туралы айтты.
-Елордада «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмысын бастады. Оның құқықтық мәртебесі конституциялық заңмен бекітілген, ал жұмыс тілі – ағылшын тілі. Бұл қаржы орталығының жұмысына қатысушыларға 50 жылға дейін салықтық жеңілдіктер қарастырылған, сондай-ақ, олар үшін жеңілдетілген валюталық, визалық және еңбек режімдері көзделген. Бұл ағылшын құқығына негізделген өңірдегі бірден-бір орталық. Сіздердің компанияларыңызды осы қаржы орталығының жұмысына атсалысуға шақырамын, – деді Қазақстан Президенті.