2018 жылдың 22-23 қазан аралығында Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арынның бекіткен жұмыс жоспарына сәйкес Батыс Қазақстан облысына Дін мәселелері жөніндегі Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері жұмыс жүргізді, деп хараблайды Toppress.kz.
Топ құрамында Қоғамдық даму министрлігі, Қоғамдық келісім комитетінің бас маманы Азамат Бисембаев, Павлодар қаласының "Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығы" ЖШС директоры Гульназ Раздыкова, белгілі дінтанушы Тұрар Әбуов, "Қоғамдық процестерді зерттеу және талдау орталығы" ҚҚ-ның атқарушы директоры Толғанай Мұстафина бар.
Екі күндік іс-сапар барысында РАТТ мүшелері түрлі сала өкілдерімен кездесулер өткізді. Топ мүшесі Тұрар Әбуовтың алғашқы кездесуі Орал қаласында түзету мекемелерінде жазасын өтеп шыққан азаматтармен кездесуі өтті. Жазасын өтеп шыққан азаматтармен еркін пікір алмасу болды.
Адамды тура жолдан тайдыратын себептер өте көп. Әсіресе адамның психологиялық жағдайы, отбасылық-тұрмыстық араздықтар, дін туралы немесе ислам туралы теріс түсінігі бар орта. Осыдан кейін азаматтарымыз тура жол таппай адасуға бой алдырады. Ешкашан да ұмытпау керек, ислам – бейбітшілік діні, ол зорлық-зомбылықты насихаттамайды, керісінше төзімділік пен кешірімге шақырады. Сондықтан әрбір нәрсеге біз қырағылықпен қарауымыз керек – деді Тұрар Әбуов.
Сондай-ақ жат ағымда жүрген адамдарды дәстүрлі дінімізге қайтару үшін жүйелі жұмыс жасалып жатырғандығын да жеткізді.
Мұнан соң РАТТ мүшесі, дінтанушы Тұрар Түгелұлы мен БҚО дін басқармасының "Дін мәселелерін зерттеу" орталығының директоры Арман Нұрахметұлы бастаған түсіндіру тобының жұмысы Тасқала ауданында жалғасты. Мамандар алдымен аудан ахуалынан хабар алып, аудандық мәдени-демалыс залында ашылған "Рухани жаңғыру" залымен танысып, "Ақ тілеу" әжелер ансамблімен жүздесті.
Жұмыс жоспарына сәйкес Тасқала колледжі студенттерімен кездесіп, іссапардың негізгі мақсатын түсіндіріп өтті. Кездесуде сөз алған Тұрар Әбуов жастардың дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегіне тез еріп кетуінің бірден-бір себебі – діни сауатының төмендігінен екенін айтты.
Әр ата-ана баласының тәрбиесімен қатар қандай дінді ұстанып жүргенін және әлеуметтік желіде қандай сайттарға кіретіндігін қатаң бақылауы керек. Өйткені жастардың теріс жолға түсіп кетуіне әлеуметтік желінің ықпалы зор. Өкінішке қарай, көп ата-ана бұған немқұрайлы қарайды. Нәтижесінде біз көбіне жат ағымның жетегіне еріп кеткендігін білмей қалып жататындығын ескертті. Сондықтан ертеңгі күні әттеген-ай демес үшін имандылыққа бет бұрған кезде, мешіт имамдарынан ғана дәріс алу қажет, – деді ол өз сөзінде.
Сондай-ақ сөз алған Арман Нұрахметұлы ислам діні адамдарды бейбітшілік пен мейірімділікке шақыратынын, қару мен Құранның қатар жүрмейтінін тілге тиек етті. Студенттер өз кезегінде мектеп формасын сақтау және қысқа балақты шалбар кигендермен ебедейсіз сақал өсіргендердің әрекеті қаншалықты заңға сәйкес екендігін сұрап, келген мамандардан нақты жауаптарын алды.
Мұнан кейін Тұрар Әбуов Тасқала аудан әкімшілігінің мәжіліс залында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында өткен кеңейтілген жиынға қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиеваның төрағалығымен өткен іс-шараға аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері, мектеп басшылары, "Зайырлылық және дінтану негіздері" пәнінің мұғалімдері, аудандық мешіттің имамдары, ауылдық округ әкімдері және жергілікті мекеме басшылары қатысты.
Жиналғандарға дін мәселесінің күрделі де нәзік сала екенін айтқан мамандар сол бағытта жүргізілген жұмыстардан баяндама жасап, зайырлылық мәселелері және Дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017–2020 жылдарға арналған тұжырымдама төңірегінде сөз қозғап, сондай-ақ экстремистік сипаттағы діни ағымдардың бүлікшіл әрекеттеріне тосқауыл қоюды, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шаралары сияқты, өзекті мәселелер қозғалды. Қатысушы тарапынан қойылған сұрақтарға мамандар нақты жауаптарын берді.