Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы мерекелерді үйде қарсы алуға шақырды, – деп хабарлайды Toppress.kz.
Аса қажеттілік болмаса, ешқайда шықпай, үйде отырыңыздар. Бұл, әсіресе, қазіргі қасиетті Рамазан айында өте маңызды. Осы кезеңнің де асыл мұраты – шыдам мен төзім, сабыр мен қанағат екенін білесіздер. Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Оразада бірқатар рәсімнен тартынуды ұсынды. Сондықтан осындай уақытта ауызашардың өзін көпшілікпен бірге өткізе алмайтынымыз белгілі, – деді Президент.
Сондай-ақ, Тоқаев мамырдағы мерекелерді де үйде атап өтуге тура келетінін айтты.
Алдағы мамыр айындағы мерекелерді де үйде атап өтуге тура келеді. Бірақ, Жеңіс күнінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің бірде-біреуі елеусіз қалмайды. Бәріне лайықты құрмет көрсетіледі. Әкімдер соғыс және тыл ардагерлеріне материалдық көмек береді, – деді ол.