Жалған ақпараттармен күресте үлкен деректер көмекке келеді.
Соңғы бірнеше онжылдықта интернеттің келуінің арқасында жаһандық ақпараттық кеңістіктің сипаты өзгерді. Алдымен, біз тұтынатын ақпараттың ауқымы көбейді. Бірте-бірте ақпараттар алдымызға тегін жететін болды және ақпарат көздері де толассыз көбейіп жатыр. Бұрын газетті іздеп жүріп оқитын оқырманды, қазір ақпарат өзі (жарнама формасында ) кез-келген жерден іздеп тауып алатын болды. “Желілік қоғам” біздің ақпараттарды тұтынудағы мінез- құлқымыз да өзгеріп жіберді. Ғалымдар қазір адамзат ақпарат тұтынудың жаңа “аралық сатысында” тұр деген болжам айтады. Жаңа желілік дәуір адамдарды толассыз ағылған информацияның арқасында бұрынғыдан да сауатты, талғампаз ете түсуі қажет болатын. Алайда, ақпараттық дәуірде талғам қалыптастыратын біраз фундаменталды салалар тоқырап қалды.
Ақпараттық дамудың жаңа сатысы- желілік қоғамға өтерде, журналистика деп аталатын іргелі салада құлдырау басталды. Дәстүрлі ақпарат тарататын медиа ұйымдар бүгінде жаппай әбіргеге түсіп, дәстүрлі медиа құрылымдар жабылып жатыр. Желілік қоғамның бастапқы сатысында, дәстүрлі медиа құрылымдар ақпаратты бақылауда ұстап, сүзгіден өткізіп, көрермен арасында талғам туғызуға қауқарлы болатын. Қазір, дәстүрлі медиа ұйымдардың бизнес моделдері өзгеруде. Ғалымдар дәстүрлі медиумдардың әлсіреуін “бейімделу кезеңіне” тән уақытша дағдарыс деп есептейді. Ақпараттық кеңістікте жалған контенттің көбеюін де дәстүрлі медианың әлсіреуімен байланыстырады. Фейктердің дәуірі ақпараттық кемелденумен біте қайнасып, бірге жүретін қорқыныш болып қала бермек. Желелік дәуірдің кемелдену кезеңін де фейктердің тасқынынсыз елестету мүмкін емес.
Кемелдену кезеңіндегі фейктердің таралу ауқымы
Ақпараттық кемелдену дәуірі қандай дәуір болмақ? Біз ол кезде де фейктермен үздіксіз күрес үстінде боламыз ба? Мүмкін фейктермен күрестердің жаңа тәсілдері пайда болар?
Әзірге ел ішінде де, жаһандық кеңістікте де жалған ақпараттар әртүрлі формада- мәтін, сурет, бейне түрінде де кең таралып жатыр. Әзірге жасанды интеллект жасап шығарған фейк ақпараттардың тасқыны бізде белең алған жоқ. Қазақстанның ақпараттық кеңістігі контент, видео түріндегі жалған мәліметтердің кері әсерін көріп отыр. Фейк ақпараттардың үлкен толқыны ковид секілді дағдарыстар тұсында талай адамның санасын шатастырып, әбігерге салды. Жалған ақпарат біздің де “new normal” күйімізге айналды.
Ғалымдар жаңа медиумдарда таралатын ақпараттардың адам санасына әсері, таралу жылдамдығы, аумағы туралы түрлі зерттеулерді алға тартады. Фейк ақпараттарды зерттеумен айналысатын Массачусетс Технологиялық Институтының профессоры Синан Арал 2006-2017 жылдары аралығында Твиттерде таралған фейктердің қоғамға ықпалы жөнінде зерттеу жасады. Ғалым соңғы он жыл ішінде 3 миллион адам таратқан 126 мың фейк ақпараттың ауқымы рас ақпараттармен салыстырғанда анағұрлым кең екенін дәлелдеп шықты. Ғалымдар сонымен қатар бір ғана Твиттерде жалған ақпараттардың шын ақпараттарға қарағанда алты есе тезірек тарайтынын дәлелдеп шықты. Ол аздай, фейк ақпараттардың жеткен тұсына қайта түзетулер енгізудің қоғамға пайдасы аз екенін айтып ғалымдар дабыл қағып жатыр. Саладағы үлкен парадокс, жалған ақпараттардың бір пайызы шамамен мың адамнан жүз мың адамға жетсе, шын ақпараттың ауқымы тек мың адамға ғана жетуі мүмкін. Демек қай мемлекетке де фейктердің алдын алудың жаңа механизмдері қажет болады.
Верификация – баяу процесс
Әзірге ақпаратты верификациялау -адамның қатысуы арқылы жүретін баяу процесс. Кейбір фейк ақпараттардың дұрыс-бұрыстығын растағанға дейін , контент ақапарттық кеңістікке тез жайылып, орнығып үлгереді. Адамдардың санасына сіңіп қалады. Қазір жалған ақпараттарды жылдам верификациялау мәселесі әлем мемлекеттерін алаңдатып отырған түйткіл. Өткені, алдағы уақытта жалған ақпараттармен күресте, фактілерді адам күшімен тексерудың тиімділігі азая береді, сәйкесінше үлкен деректермен жұмыс қана көмекке келе алады.
Қазақстанда ақапарттардың дұрыстығын тексеру ісі жүйелі жолға қойылмаған. Factcheck.kz секілді бірлі- жарым жобалардың ауқымы жалған ақпараттарды барынша қамтуға мүмкіндік бермейді. Ал, мемлекеттік органдар деңгейінде, әр орган өз ведомствосына қатысты тараған фейктердің дұрыс-бұрыстығына қатысты түсініктеме берумен, және оны теріске шығарумен ғана шектеліп отыр. Мұндай әдістің ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігіне алып-қосар пайдасы әлсіз. Оған қоса елімізде, әр саладағы фейктерді бөліп- жарып іздеп тауып, қайта түзетін салалық фактчекинг дамымаған. Мәселенің тағы бір шешімі халықтың ақпараттық сауатын арттыру. Бірақ ол- өз алына бөлек тақырып.
Әлемдік алып медиа компаниялар ақпараттық гигиена мәселесін әрқилы шешіп жатыр. Мәселен, Facebook компаниясы қызметіне әртүрлі құралдарды енгізу арқылы, өз контентін пайдаланушыларды фейктерді анықтау ісіне ат салысуға шақыруда. Оған сәйкес ақпарат тұтынушылар жалған ақпараттарды көрген бойда оны “жалған ақпарат” деп белгілеп отырады. Белгілі бір ақпаратты көп адам “фейк” деп белгілесе, әлгі ақпарат алгоритмдердің арқасына оқырманға көрінбейтін болады немесе “warning” деген белімен ғана көрінеді. Бүгінде жалған ақпараттар тек адам күшімен ғана емес, боттар мен жасанды интеллект арқылы да түзіліп жатыр. Сәйкесінше жалған ақпараттарды анықтау, игеру, салдырын бағамдау барған сайын қиындай түседі.
Дерек жинақтауға ұмтылыс
Жалған ақпараттармен күресте мемлекеттерге үлкен деректер мен жасанды интеллект те көмекке келе алады. Ғалымдар үлкен деректерді пайдалану арқылы арнайы модель түзіп, сол үлгілер арқылы жалған ақпараттарды тез анықтап, фейктердің одан әрі таралмауына тосқауыл қоюға болады деген ойды алға тарта бастады. Мәселен, Канададағы Саймон Фрезер университетінің лингвист прфессоры Мейт Табоада үлкен деректердің көмегіне жүгіну арқылы жалған ақпараттарды анықтайтын модельдерді жасауға кірісіп кетті. Ал, Остиндегі Техас университетінің Муди коммуникация мектебінің профессоры Самуэль Вули келешекте жасанды интеллект жалған ақпараттармен күресте адамзаттың көмекшісіне айналады деген аргументті алға тартады. Ол үшін жасанды интеллект немесе жинақталған үлкен деректер қате ақпараттарды автоматтар түрде анықтауға қауқарлы болуы қажет. Бірақ бұл процесс ұзақ уақыт бойы дата жинақтауды қажет етеді. Дата кеңейген сайын технология қате ақпараттарды ғана емес, медиада бар алауыздық риторикаларын да жазбай тани бастайды. Қазір әлем ғалымдары ақпараттардың қауіптісі мен қауіпсізін жазбай тани алатын ақпараттық жүйе құру мәселесін қызу талқылап жатыр.
Жайнагүл Төлемісова, PHD докторант











