3 830 536… Бұл Қазақстандағы 15-жастан жоғары 28-ге толған жастардың саны. 2019 жылын Жастар жылы деп жарияланғанына жарты жыл уақыт өтті. Жастар жылында қандай шаруалар жасалынды, болашаққа бағдар бар ма? Бұл сұраққа жауап бермес бұрын ресми мәліметтерге көз жүгіртсек, 542 458 – бұл еліміздегі жоғары оқу орнында оқитын жастар, ал 489 818 – бұл колледжде оқитын студенттердің саны. Жалпы осы жастардың 7,6 пайызын NEET санатындағы жастар екен. Бұл ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті берген ресми мәлімет. Ескерте кететін тағы бір жәйт санақ іріктемелі түрде жүргізіледі. Ендеше, NEET (Not in Education, Employment or Training) санатындағы жастар деп – 15 жастан жоғары оқымайтын, жұмыссыз және тәжірибиесі жоқ 28 жасқа дейінгі жастар тобын айтамыз, – деп хабарлайды Toppress.kz.
2018 жылдың қазан айындағы Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев:
Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек деген болатын.
Яғни, қалай алып қарасақ, жастар үшін елімізде көптеген жұмыстар атқарылып жатқаны рас. Соған дәлел ретінде елімізде үшінші жыл іске асырылып келе жатқан Zhasproject Жастар корпусын дамыту жобасы жайлы тоқталып өтсем. Нақты іспен назар аудартып, нәтиже беріп жатқан еліміздегі бірден-бір керемет жоба екеніне көзіңізді жеткізуге тырысамын.
Zhasproject Жастар корпусын дамыту жобасы Үйлестіру агенттігі – Дүниежүзілік банк пен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасы. Қазақстандық жастарға өз әлеуметтік жобаларын жасау үшін қайтарымсыз 1 миллион теңге көлемінде грант ұсынады. 2017 жылы пилоттық режимде еліміздің төрт аймағы: Павлодар, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында өз жұмыстарын бастады. Мақсаты – 2020 жылға дейін Қазақстандағы NEET санатындағы 8500 жасқа қоршаған орта үшін маңызды және пайдалы нәрсе жасауға мүмкіндік беру, өздеріне сенуіне көмектесу, сондай-ақ олардың табысты болашақ үшін платформа құруға көмектесетін өмірлік дағдыларын дамыту.
toppress.kz
2018 жылы Zhasproject жобасы Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында іске асырылды. Тек екі жыл ішінде 1493 жоба ұсынған 5 508 жас еңбекке тартылып, өз жобаларын сәтті іске асырды.
Жоба қандай талаптар бойынша жастарды қабылдайды. Ең алдымен 30-жасқа толмаған азаматтар байқауға құжат тапсыра алады. Жоба іске асырылатын аймақта 6 айдан кем емес тұрғаныңызды дәлелдейтін мекен-жай жөніндегі анықтама. Сондай-ақ жеке куәлік пен жоғарғы оқу орнын не арнайы біліміңізді дәлелдейтін құжаттардың бар болуы. Бұл құжаттарды қатысушылар үйде отырып-ақ, жоба сайтына жүктей алады. Ал мұндағы ең маңызды нәрсе – бұл әлеуметтік идея. Яғни, жастардың жасаған әлеуметтік идеясы өзі тұратын қоғамға пайда әкелуі керек. Егер байқауға ниет білдірген жастар бірінші техникалық кезеңнен өтсе, жобаның екінші шарты бұл бағалау комиссиясы деп аталады. Мұнда қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, блогерлер кәсіпкерлер жастардың жобаларына баға береді. Мәселен 3 жылдан бері Яков Федоров – блогер, Мектепбаева Дамель – SCI.net жобасының жетекшісі, Эмин Аскеров – әлеуметтік кәсіпкер, бизнес-тренер, Сүлейменова Жұлдыз – Назарбаев зияткерлік мектебін дамыту бойынша департаменті директоры қызметін атқаратын қоғам белсенділері жобаларды бағалауда ат салысып келеді. Мұндай бағалау өте маңызды кезең болып табылады. Үшінші кезең бұл – рандомизация деп аталады. Яғни, компютерлік кездейсоқ іріктеу арқылы жеңімпаз жобаларды анықтау.
Жастар корпусын дамыту жобасы Үйлестіру агенттігінің Гранттар бойынша маманы Инара Кәрібаеваның мәлімдеуінше, жобалар мына талаптар бойынша бағаланады:
Кіші жобаның әлеуметтік маңыздылығы, ойының өзектілігі, негізділігі және шынайылығы, шешуге бағытталған әлеуметтік мәселенің маңыздылығы, жергілікті қоғамға және оның мүшелеріне пайдасы.
Әлеуметтік жобаның нәтижелеріне қолжеткізушілік көрсеткіші, яғни жобалар нәтижелерінің болуы, нақтылығы және шынайылығы, кіші жобаның мақсатты тобының қамтылуы. Атқарылатын іс-шаралардың нақтылығы мен тиімділігі, олардың мақсаттары мен міндеттеріне сай келуі. Жасалынған жоба бюджетінің болжанған қызмет бойынша сәйкес келуі. Ең соңғы талап – бұл жобаның тұрақтылығы, яғни жоба аяқталған соң ары қарай өз қызметін жалғастыру.
Биылғы жылы байқау кезеңінде Жобаның сайты арқылы жастар топтарынан 3838 өтінім ұсынылды. Техникалық іріктеудің қорытындылары бойынша, конкурстың талаптарына сай келетін 2 613 өтінім қабылданды. Компьютерлік іріктеу рандомизация нәтижесінде 1063 жоба грантқа ие болды. Жобалар білім саласы, шаштараз, спорт, наубайхана, тігін, ауыл шаруашылығы, жылыжай, еріктілер бастамасы сынды түрлі салаларды қамтыды.
Осы тұрғыда назарды аударатын тағы да бір жайт жастарды өмірлік маңызы бар дағдылар бағдарламасы бойынша оқыту. Жастар корпусын дамыту жобасы Үйлестіру агенттігінің Өмірлік маңызы бар дағдылар маманы Надежда Трубованың айтуы бойынша, бағдарлама 6 айға есептелген және жобаның барлық қатысушылары үшін бастапқы төрт күндік тренингтер өткізіліп, ментормен ай сайынғы кездесулер өтеді. Жастар бұл кездесулерде әлеуметтік жобаларды алты ай бойы қалай іске асыру бойынша тың мәлімет алып, өз білімдерін жетілдіреді. Жоба іске асырылатын алты айда сол жобаларды орындау туралы бағдарламалық және қаржылық есептерді дұрыс жүргізу бойынша ілім алып, оларды жобаны жасау барысында барысында сайттағы жеке кабинеттеріне жүктеп отырады. Алты айдан соң қорытынды төрт күндік тренинг болады. Бұл тренингтерде ары қарай әлеуметтік идеяны бизнес идеяға қалай айналдыру жолдары көрсетіледі.
Қызылорда қаласында ашылған "ИНВА-Сто" әлеуметтік жобасын мысалға алсақ. Нұрсұлтан Тәжиев – "Жаспроджект" жобасының екінші кезеңінің қатысушысы. Туғаннан 3-ші топтағы мүгедек. 2007-2010 жылдар Шымкент арнаулы кәсіптік лицейінде оқыды. Жоба жайында аудандық жастар ресурстық орталығында естіген. Содан бағын сынап, байқауға қатысып, 1 миллион грант жеңіп алады. Мұндай ИнваСТО-лар Алматы, Астана сынды үлкен қалаларда бар. Бірақ Қызылордада жоқ болғандықтан, осы олқылықты орындауға кіріседі. Қазір бұл орталықта мүгедектігі бар кісілер не қолданады, соның барлығын жөндеумен айналысады. Нұрсұлтан Тәжиев жуырда "ДОС" Тәуелсіз өмір" орталығы LDS Charities халықаралық қайырымдылық ұйымының Нұр-сұлтан қаласында ұйымдастырған тренингіне қатысып, білімін одан ары жетілдіреді. Тренингте арбаларды тек құрастырып қоймай, дұрыс өлшем алып, бөлшектерін орналастыруды үйренген. Алдағы уақытта Вильям Эйблс секілді шетелдік мамандардың тың тәжірибесін қажетке жаратуға асық.
Нұрcұлтанның айтуынша, "ИнваСТО" орталығы жайлы естіп-біліп жатқан адамдар бар. Келушілер аз емес. Арбаның зақымдануына қарай қызмет көрсетіледі. Арбаның бұзылуы көбіне ауа райына, сосын әр адамның дұрыс не бұрыс қолдана білуіне байланысты. Ол да велосипед секілді, мойынтірегін жиі майлап тұруды қажет етеді.
Жөндеген кезде жаңа арбаның құны шықпайды, бағалар келушілерге қолжетімді екен. Әзірге сатылымда отандық бөлшектер жоқ болғандықтан, Ресей мен Қытайдан алдыртады.
Жобаларды тапсыру және іске асырылу барысында Үйлестіру агенттігі мен жастар арасында түрлі мәселелер туындап жатса, арнайы Мониторинг және бағалау қызметі жұмыс жасайды. Жоба сайтында көрсетілген телефон номірге кез-келген аймақтан тегін қоңырау соғып, қажет ақпаратты алуға болады.
Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақтың біртуар публицисі Мағжан Жұмабаев "Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты – Қырандай күштi қанатты. Мен жастарға сенемiн!" деген өлең жолдарын әрбір әдебиет оқыған қазақ таныс. "Арманда! Ұсын! Іске асыр!" деген ұранмен алдына мақсат қойған Zhasproject жобасы жастардың қанаттарының қатаюына септігін тигізіп, еліміздің экономикасына үлес қосып қырандай самғауына мүмкіндік жасап отыр десек артық айтқанымыз емес. Қазіргі таңда Үйлестіру агенттігі қазақстандық жастарды кәсіби тұрғыда өзін-өзі тану, қиындықты жеңе отырып, қоғамға барынша сіңісіп кетуіне мүмкіндік тудырып отыр.
Автор: Салтанат Аширбай