Арқалық қаласындағы жалғыз жүйе құраушы ірі кәсіпорын «Қазақстан алюминийі» АҚ Торғай боксит кен басқармасы ақыры жабылатын болды, деп хабарлайды Toppress тәуелсіз журналист Ербол Мәндібектің Фэйсбук парақшасына сілтеме жасай.
«Алты алаштың алтынын қазған Александр Машкевич Арқалықтың астындағы шикізатты отыз жылда опыр-топыр қылды. Тірлігі ТБРУ-ға тірелген, онсыз да дотациядағы шаһардың шаруасы осымен біткен секілді. Торғай боксит кен басқармасындағы алты жүзден астам жерлесімнің алдағы тағдыры не болады? Бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Арқалыққа арнайы бара жатыр. Сұлу сөзге құралған сылтауы табылар. Мықты болса Машкевичке миллиард доллар инвестиция құйғызсын. Былтырғы кездесуінде күлкіңді келтіретін, жас балаға кәмпит ұстатқандай ұсыныстар айтыпты. Сілтемесі мінекей https://www.erg.kz/kk/news/1330 », – деп жазды журналист парақшасында.
Ол бұл мәселеге Президенттің өзі араласуы керегін айтады.
«Жалтақтаған жұрттың жанайқайы басылғанша жарбаңдап жанында жүрерсіңдер. Әрі қарай ат ізін салмай кетері түсінікті. «Бизнес по билікский» деген осы шығар.
Тәуелсіздіктің бастауында жоқшылық деп Торғай облысын жауып тынды. Көмекті күте-күте қорасындағы малын тауысқан мыңдаған адам амалсыз Арқалыққа көшіп келді. Енді есін жия бастағанда бұл жердің де байлығын тауысып, тағы да тығырыққа тіреді», – деп қорытты Ербол.