Мемлекет басшысы «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайында сөйлеген сөзінде Егемендікті қорғау мәселесінде үстірт пікірге бой алдыруға болмайтынын атап өтті. Президенттің айтуынша, қазіргі таңда әлемде саяси, экономикалық және идеологиялық шиеленістер ушығып, жаһанның болашағын болжау қиындап бара жатқан шақта ел алдында ауқымды әрі кезек күттірмейтін міндеттер тұр, деп хабарлайды Toppress Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы мұндай күрделі заманда жалғыз дұрыс жауап — бірлікті бекемдеп, ортақ мүддеге күш жұмылдыру және ұлттық жауапкершілікті терең сезіне отырып Отанға адал қызмет ету екенін жеткізді.
Президент егемендікті нығайту халықтың әл-ауқатын арттыруды, жаңа технологияларды жетік меңгеруді, заңды құрметтеу мен тәртіпке бағынуды, өзара жанашыр әрі жасампаз болуды білдіретінін баса айтты.
Өз сөзінде Президент осы міндеттерді табысты орындау арқылы ғана еліміз жаһан өркениетінің төрінен лайықты орын алатынын мәлімдеді.
Осыған байланысты Конституцияда заман талабына сай білім мен ғылымды, инновацияны және адам капиталын дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті ретінде бекітілген.
Президент ұлтымыздың бас құжатында еліміздің тамыры терең тарихы мен бітім-болмысы, болашақтағы бейнесі айқындалғанын, сонымен бірге мемлекеттік тіл – қазақ тілінің конституциялық мәртебесі тайға таңба басқандай жазылғанын қорытындылады.
















