Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев Жастар жылы аясында қандай жұмыстар атқарылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Toppress.kz.
Жастар жылының ашылуына арналған салтанатты жиында Елбасы Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жастар үшін жылына 1 мың пәтер салынатынын айтқан еді. Осы орайда Үкімет тарапынан қандай жұмыстар атқарылып жатқаны кеңінен сөз болды. Министрдің айтуынша, осы аптада Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жастарды пәтермен қамтамасыз етуге арналған жобаға байланысты келісім жасалады.
Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жастар үшін жылына 1 мың пәтер қарастырылып отыр. Бұл пәтерлер жалға беру арқылы жүзеге аспақ. Осы бағытта қамтылатын санаттарды даярлап, өкілетті органдарға, сондай-ақ Алматы, Астана, Шымкенттің әкімдіктеріне тапсырдық. Менің ойымша, осы аптаның барысында жастар санаттарын келісімнен өткіземіз, – деді министр.
Оның айтуынша, пәтер алуға үміткерлердің жас аралығы анықталды. Еліміздегі заңнамаға сәйкес, жастар санаты 29 жас деп бекітілген. Яғни 29 жасқа келген жастар аталған жобаға қатыса алады. Сонымен қатар, жастар міндетті түрде жұмыс істеуі тиіс.
Бізде балдық жүйе ескерілген. Ұсынылған мезім бойынша пәтер 3 жылға беріледі. Осыдан кейін комиссия шарттың мерзімін ұзартуды қарастырады. Бұл бағдарлама бойынша жас отбасы пәтер алған кезде тұрғын үй банкінде бірден есеп-шот ашуы тиіс. Ал кезекке тоқталсақ, аталған қалаларда жастар кем дегенде 3 жыл тұруы керек. Әзірге, осының барлығы жобада ұсынылды. Енді, сәрсенбіге дейін өкілетті органдар тиісті жауабын береді, – деді Дархан Кәлетаев.
Өз кезегінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов Астана мен Алматыда 350, ал Шымкентте 300 пәттер салынатынын жеткізді. Министрлік өкілі келтірген мәліметке сүйенсек, пәтердің шаршы метрі 180 мың теңге, пәтер аумағы 40 шаршы метр болады.
Қоғамдық даму министрі еліміздегі жұмыссыз жастардың мәселесін де баяндады. Бұл ретте бірқатар проблемалар бар екенін, олардың арасында NEET санатындағы жастар, суицид пен жас отбасылардың ажырасу жағдайын атап өтті.
NEET санатындағы жастар үлесін төмендету мақсатында кешенді шаралар қабылданып жатыр. 2018 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Үкіметі NEET жастарды жұмыспен қамту және әлеуметтендіру бойынша жол картасын қабылдады. Бұл мәселеде жол картасы біздің бірінші тетігіміз болып отыр. Карта NEET жастарымен 8 санат бойынша жұмыс істеуге жол ашты. Олардың арасында жұмыссыз жастар, ауыл жастары, мүмкіндігі шектеулі жастар, орта білімі бар еңбекпен қамтылған жастар, ең төменгі күнкөріс деңгейінен табысы төмен жастар, жұмыс тәжірибесі жоқ білімді жастар, кішкентай балалары бар жас әйелдер, бейәлеуметтік жастар қамтылған. Бұл жұмыстар алты бағыт бойынша жүргізіледі. Осы орайда кәсіптік бағыт, кәсіби оқыту, жұмыспен қамту, жастар кәсіпкерлігін дамыту, жастарды әлеуметтендіру, ұйымдастыру-әдістемелік шаралар қамтылды,- деді ол.
Елбасының Жастар форумында берген тапсырмаларының маңыздылығын атап өткен министр ауыл жастарының мәселесіне ерекше тоқталды.
Расында осы жерде отырған көбіміз ауылдан шықтық. Ауыл – Қазақстанның алтын бесігі. Жастар жылында біз ауыл жастары мәселесін жан-жақты шешудің жолдарын қарастырып жатырмыз. Оның ішінде, Елбасы айтқандай, "Дипломмен – ауылға" бағдарламасы арқылы ауылға барған жастардың алғашқы жәрдемақысы 100 айлық есептік көрсеткішке өсіп отыр, – деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, ведомство ауылға баратын жас мамандар үшін арнайы кәсіпорындарда квотаның санын ұлғайту, білім гранттарын көбейту мәселесін қарастырып жатыр.
Ауылдық жердегі инфрақұрылымды жаңарту, жаңа жұмыс орындарын, медициналық-мәдени ошақтардың құрылысын салу Аумақтық даму жоспарларына нақты енгізілуі қажет деп есептейміз. Сондай-ақ, "Серпін", "Жас маман", "Жас кәсіпкер" бағдарламаларының мақсаты бір – ауыл жастарының ахуалын жақсарту. Әрине, бүгінгідей урбанизациялық, цифрлық, жоғары технологиялық дәуірде ешкімді ауылға байлап отыра алмайсың. Алайда, тым болмағанда, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы қаламен теңесе бастайтын болса, ауылдың оты ешқашан өшпейді деп ойлаймын!, – деді Дархан Кәлетаев.
Үкімет сағатында биылғы жастар жылындағы жүзеге асатын тың бастамалар мен ірі жобалар таныстырылып, кеңінен талқыланды.










