Бұл жолдарды жазу үшін мен үшін басында өте ауыр болды. Себебі, менің межеге алып отырған тұлға физикалық тұрғыда мүмкіндігі шектеулі болсада, оның рухы, оның жігері тау мен тасты қопарардай мықты жан. Менің кейіпкерімнің басына түскен жағдайды екі аяқты пенденің өзі де көтере алмас еді.
Біздің қазіргі қоғам қол-аяғы жоқ мотиватор кім десе, бірден Ник Вуйчичті еске аламыз. Ал арамызда жарқырап жүрген, тағдырдың кенеттен соққан соқпағына жығылмай, өз арман-мақсатына жеткен Гүлмирам Сражова жайлы ұмытып кетпесек деймін. Ендеше бүгінгі сұхбатымның кейіпкері ақтөбелік арлы қыз – Гүлмирам Аманжолқызы Сражова.
– Гүлмирам ханым, өзіңіз жайлы қысқаша айтып берсеңіз.
– Мен 1973 жылы 29-шы қыркүйек Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Жарқамыс ауылында дүниеге келдім. 15 жасымда теміржол поездының астында қалып, аяқ-қолынан айырылдым. Әрине, қазіргі кезде бұл жағдайды маған еске алу қиын болғанмен, уақыт өте келе бойымдағы бар қорқынышты жеңе білдім.
90-ншы жылдары, алыс шеттегі ауылдың жағдайы қиын болды. Менің апатқа ұшырағаным, одан әкемнің дүниеден озуы анам үшін де ауыр соққы болды. Қарапайым мұғалім болып қызмет ететін анам үшін, менің ары қарай өмір сүруіме жағдай жасау керек болды. Осылай біз 1995 жылы облыс орталығы – Ақтөбе қаласына қоныс аудардық. Мұнда келген соң қол қусырып отырмадым, шамам келгенше спорт үйірмелеріне қатысып, өтпелі кезеңнің қиындықтарын жеңе білдім. Қаншама кедергілерге қарамастан 1998 жылы Педагогика мамандығы бойынша университетке түстім. Оқуымда озат болдым. Анам байғұс қысы-жазы мені мүгедек арбамен оқуға тасып, лекцияларды мүлдем қалдырмайтын едім…
– Осы уақыттар ішінде қандай жетістіктерге жеттіңіз?
– Айта берсем өте көп. 1999 жылы Ақтөбе қаласында өткен "Арбадағы арулар" сұлулық конкурсына қатыстым, ал 2003 жылы конкурстың батыс аймақтық додасында Атырау қаласында "Ақ жайық аруы" гран-при жүлдесіне ие болдым.
2009 жылы "Open World Program" бағдарламасы бойынша АҚШ-қа тәжірибе алмасу мақсатында бардым. 2013 жылы жылы ҚР-ның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің "Бәріміз бірдейміз" мемлекеттік конкурсында "Кәсібінің үздігі" номинациясы бойынша 1-орынмен марапатталдым. Мінезімнің шыңдалуына спорт көп әсер етті. Мүгедектер арасындағы спорттық нормативтерді орындап, 2002 жылы мүгедектер спортынан Қазақстан Республикасының Спорт Шебері атағын алдым. Көптеген республикалық деңгейдегі көптеген чемпионаттар мен спартакиадалар, паралимпиадалық Ойындардың чемпионы, жүлдегері, жеңімпазы болдым.
– Жастармен жұмысыңыз жайлы кеңінен тоқтала өтсеңіз?
– Жастармен 2007 жылдан бастап "Достық. Адалдық. Рақымшылық" ұранымен жұмыс жасайтын (қысқаша "Д.А.Р.") волонтерлар клубында бірлесе жұмыс жасай бастадым. "Золотое сердце", "Ерекше бала", "Қала мен бала" мүгедек-балаларды қолдауға бағытталған жобаларын жүзеге асуына атсалыстым. 2009-2015 жылдар аралығында АҚШ-тың "Глобал фонд children" жобасы бойынша 6 жыл қызмет еттім. 2013-2014 жылдары Ақтөбе облысында еріктілік қозғалысын дамыту жобасы бойынша, ал 2015 жылы жастармен жұмыс жасауға "Жас асар" жобасы жастар саясаты басқармасының мемлекеттік тапсырысы аясында еңбек еттім.
2017 ж. АҚШ Елшілігінің "3D – Doing Decent Deeds-проект 3 Д – Делайте добрые Дела – 3 Д жобасы – Достықтың Думанды Дәстүрлері" жобасы аясында мүгедек жастар мен волонтер жастарды біріктіру бағытындағы қызмет жасадым.
2018 жылы Жастар корпусына дамыту Zhasproject жобасында Ақтөбе қаласы мен облысының шалғай ауданында ментор, Шалқардағы жастарға кеңесші болдым. Сол жылы Ақтөбе облысының мүгедектер одағының төрайымы болып сайландым. Осы қызметтерді атқару барысында әрқашан мені қолдап, жанымда болған Құралай Байменова апайымызды ерекше атап өткім келеді. Алғашқы ұстазым демеушім анам болса, өмірдегі қолдаушым, бағдар берушім Құралай апаймыз болды.
– Жеке өміріңіз бен алға қойған мақсаттарыңызға тоқтала өтсеңіз?
– Отбасы құрудың сәті түспеді. Анаммен бірге тұрамын. Алға қойған мақсаттар өте көп. Спортта, қызметте әлі де болса біраз белестерді бағындырғым келеді. "Қазақ жалқау" деген жаңсақ пікір бар, мен келіспеймін. Жалқау халық болсақ мал шаруашылығымен айналыса алмас едік, егін екпес едік. Қазіргі жастар өз таңдауын жасауда, өмір танымайтын, тым жас кезеңде жасайды. Ата-анасының кеңесімен немесе сәнге ие мамандық таңдай салады. Бірақ кейін мамандығы бойынша жұмыс жасағылары келмейді. Уақыт жоғалтады. Мамандықта таңдауда бағдар беруді жолға қою керек. Мақсат айқын болған кезде ғана жетістікке жетуге болады. Сырттай қарағанда менің тағдырым ауыр болып көрінер бәлкім. Бірақ жігерің мен рухың мықты болса, аяқ-қолсыз да армандарға қол жеткізуге болады.
– Ментор ретінде жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Әрқашан да өз жобаңның иесі бола біл! Өзгенің кеңесін тыңдай біл, ал шешім қабылдауда әрқашан өз қабырғаңмен кеңесе біл! Өзің нақты жаның сүйетін және қолыңнан келетін іспен шұғылдан! Өзіңнің ең үздік нұсқаң бол! Еңбексіз келген нан тәтті болмайды! Бірлесіп, команда болып жұмыстануға үйрен, "жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас" деген, "Бірігіңдер!" демекпін. Жалқаулықтан арылу үшін сүйікті іспен айналысу керек!
– Қолыңызда сиқырлы таяқ болса, не өзгерткіңіз келер еді?
– Не өзгерткім келеді дәл бүгінгі күні? Білім беру саласына реформа жасау керек деп есептеймін. Ақылы оқуды жою қажет. Кәсіби білім беретін оқу орындарының беделін көтеріп, абыройын асқақтатуға атсалысуымыз керек. Жаппай "жоғары білімді" қоғамның шынайы білімге ие болуына жағдай жасауымыз қажет. Сонымен қатар, қазақ даласының ұлы ойшылы Әл-Фараби атамыз айтқандай "Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы" деген. Тәрбие ең бірінші болуы тиіс. Шынайы отансүйгіштікке баулу керек. Отанын өзгеге жамандайтын білімді жастан сақтасын!
Гүлмирам Сражованың өмір тарихы бір жағынан қайғылы болса, екінші жағынан бақытты деуге болады. Бақытты болатын себебі, оның өмір сүру философиясы, мінез-құлқы, тағдыры біте қайнасқан, үйлесімді екені соншалық, оны қазіргі таңдағы батыр қыздардың бейнесі ретінде қарастыруға болады. Өз тағдырының қиындықтарын жеңе білген Гүлмирамның өмірі мен өнегесі өзгелерге үлгі болу керек.
Автор: Салтанат Аширбай