Салтанат Бектемірқызы, дін мәселелері жөніндегі РАТТ құрамында Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атыру облыстарында болып қайтқан екенсіз, осы ісшаралардың мақсаты туралы ой бөліссеңіз…
Ең алдымен бұл іс-шаралар Ақпарат және қоғамдық даму министірлігі Дін істері жөніндегі комитетің еліміздің Дін саласындағы мемлекеттік саясатын жүзеге асыру жоспарына сәйкес кешенді ісшараларды ұйымдастырып және оған басшылық етіп отырғанын айта кету керек. Сол кешенді шаралардың бір бағыты ретінде еліміздегі ақпараттық түсіндіру жұмыстары қоғамда ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, зайырлылақ қағидаттарын дұрыс ұғынуға, саяси, сыртқы факторлар мен радикализм, діни экстремизм идеяларының таралуының алдын алуға бағытталған.
Осы жолғы сапарда діндар әйел азаматтар аудиториясын қамту көзделді. Бұл санатқа дінді ұстанушы студент қыздар, дәстүрлі діни көзқараста жүрен әйел жамағаты, деструктивті діни ағымдарға бейім әйелдер тобы, "Жусан" операциясы бойынша елге қайтарылған әйелдер, терроризм бабы бойынша сотталған азаматтардың әйелдері мен балалары кіреді.
Мемлекеттік мекемелер мен жергілікті атқарушы билік және құқық қорғау органдарымен бірлесіп жасап жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары еліміздің ғылыми-сарапшылар қауымдастығы мен азаматтық қоғам өкілдерін белсенді түрде жұмылдыру арқылы жүзеге асырылуда. Бұл топтың құрамына білікті дінтанушы, теолог, психолог, әлеуметтанушы, мәдениеттанушы мамандар жұмылдырылған.
Мұндай жұмыстар алдын ала жоспарлана ма, әлде әр өңірдің сұраныстарына сәйкес жүргізіле ме?
Ақпарат және қоғамдық даму министірлігі әлемдегі және еліміздегі діни ахуалға үздіксіз мониторинг жүргізу және сараптау негізінде жылдық жоспар түзіледі. Осы жоспарланған жұмыстар барлық өңірлерді қамтиды. Әрине әр өңірде өзіне тән мәселелері бар. Жергілікті мамандарға мәлім қордаланған мәселелер Дін істер комитетіне ақпараттық сараптамалық есеп ретінде жолданып отырады. Осы орын алған факторларды ескере отырып, жергілікті атқарушы органдар тарапынан да сұраныстар түсіп отырады.
Соңғы кездері жергілікті мамандар әсіресе әйел жамағатымен жұмыс жасау барысында олар теологиялық мәселелерден гөрі, әлеуметтік, психологиялық, әдістемелік көмекке зәру екенін айтып келеді. Сондықтан жұмыс тобы әр өңірдің сұраныстарына сай жасақталғанды.
Сіз, дінді ұстанушы әйел жамағатын қамту көзделді дедіңіз?
Қазақ қоғамының әйелдің алатын орны мен рөлі иерархиялық әлеуметтік құрылымына сай қалыптасқан. Қазіргі кезде қоғамда жиі қозғалып жүрген әйелдердің статусына қатысты мәселелерді тарихи-мәдени контексте қарастыру маңызды.
Ал, қазақ мәдениетінде әйелдің қоғамдағы ерекше статусын аңғаруға болады.
Кез келген мәдениеттің өзіндік келбетінің қалыптасуына негізгі үш фактор әсер етеді. Олар: географиялық – климаттық жағдай, шаруашылық түрі (отырықшылық, көшпелі), діни ұстанымы әсер етеді.
Мал шаруашылығымен айналысқан ата жұрт малын азықпен, жайылыммен қамтамасыз ету мақсатында көшпелі өмір салтты ұстанғаны мәлім. Қазақ мәдениетінде бір елді мекенде малы мен жайылымы, ортақ шаруашылығы бар бірыңғай рулас, аталас, туыстар өмір сүрді. Ал, діни ұстанымға сәйкес әйелдерге әуірет жерін жабуды талап етудің түпкі мақсаты бөтен ер адамдардың сұқ көзінен сақтау болса демек, бір елді мекенде, қыз алысып беріспейтін бір ыңғай ағайын туыстар өмір сүріп жатқан қоғамда қыз балаға жыныстық объект ретінде қараудың өзі моральдық тұрғыдан өрескел санады. Дегенменде туыстық қатынастарға негізделген қоғамда, бауырмалдық, қонақжайлық, ақжарқын, мейірбан мінез құлық жақын. Қадай да бір қоғам мүшелерінің бетін бүркеу, қоғамнан қауіп іздеу, безіну, бөтендену қазаққа жат құбылыс.
Алайда жұмыс барысында байқағанымыз мәдениетімізде қалыптасқан асыл мінез құлқымызға сызат түскені байқалады.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында қай бағытқа ерекше мән берген жөн?
Әсіресе деструктивті діни ағымдарға бейім әйелдерге қоғамнан қауіп іздеу, өздерін қоршаған ортаны жатсыну, безіну, одан бөтендену үрдісі байқалады. "Біз" – дінді таза ұстанушылар және «олар» – дінді дұрыс ұстанбайтындар деп өздерін ислам дінін ұстанушылармыз деп санап жүрген қоғамның өзін екі жікке бөліп қарастырады.
Осы тұрғыда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарында халқымыздың бірегейлік сезімін нығайтуға бағытталған жұмыстарға аса зор мән беру қажет деп санаймын.
Бүгінгі таңда бірегейлігімізді, елдігімізді сақтау жолында өткен тарихты, бүгінгі шындықты, ертеңгі болашақты біртұтас кешенді қарастыру адастырмайтын жол. Дін рухани, моральдық діңгек ретінде ар-ождан, имандылық мәселелеріне аса мән береді. Яғни дін құбылыс ретінде жікке бөлуші, талқандаушы да бола алмайды. Ал мемлекет өз тарапынан азаматтарының ар-ождан еркіндігіне кепілдік береді. Сондықтан, мәдениетіміздің өзіндік келбетін ескере отырып дін мен дәстүрді ұштастырып, қазақ әйелінің бойынан табылатын мейірімділік, инабаттылық, ашық мінезді көркем түрде алып жүру өз қолымызда екенін де естен шығармаған абзал.
Осы іс-шараның мақстына жету үшін қандай жұмыс атқарылуы қажет?
Сөз басында осы іс-шаралардың негізгі мақсаты еліміздің әйелдер қауымымен кездесу екенін тілге тиек еткен едік. Қазақ қоғамында әйел ерекше статусқа ие, оған дәлел қазақта "әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді" дейді. Сондықтанда отбасының береке бірлігін сақтайтын, балалардың тәрбиесімен айналысатын да әйел азаматтар болғандықтан, өздеріне жүктелген жауапкершілікті, қоғамдағы ерекше рөлін сезінуі өте маңызды.
Өйткені, бүгінгі балалар болашақ мемлекетіміздің азаматтары, жарқын келешекті жасаушылар. Ішкі тұрақтылық пен ауызбіршілікті сақтау жағдайында ғана еліміз болашақта көздеп отырған мақсаттарына қол жеткізе алады.