Белгілі дінтанушы, философия ғылымдарының кандидаты Тышхан Кеңшіліктің айтуынша, Сирияға азаматтарымыздың барып, өзге идеология үшін соғысуы теологиялық адасушылықтан туындап отырған мәселе. Сондықтан мемлекетке, қоғамға олардың көзқарасы аса маңызды, деп хабарлайды Toppress.kz.
−Біз дінтанушы, теолог ретінде Сириядан келген азаматтардың басынан көптеген қиыншылықтар өтіп, қақтығыстарға куәгер болды. Соғыс ошақтарында айлап, жылдап өмір сүруге тура келді. Соғыстың әртүрлі зардаптарын сезінді. Сондықтан оралған азаматтарға психологиялық көмек керек. Ескеретін тағы бір жайт, бұл адамдардың қоғамға бейімделіп, балаларының мектепке барып үйренісіп кетуіне яғни қатарға қосылып кетуіне тырысып жатырмыз. Оларды қоғамға бейімдеумен қатар, біздегі дәстүрлі көзқарасты мойындамайтын қалыптан арылтуымыз керек. Жат ағымның жетегінде кеткен азаматтардың санасы өзге идеологиядан арылмайтын болса, олардың сырттай бейімделген сыңай танытқанымен я болмаса қоғамға бейімделуіге мәжбүр болғанымен іштей, түбегейлі өзгермеген жағдайда толық нәтиже болады деп айта алмайсыз. Сондықтан оларға көрсетілген психологиялық көмекпен қатар, дәстүрлі бағыттың да адасушылық емес екенін (олардың пікірі бойынша) азаматтық қоғамда тыныш өмір сүру үшін де дұрыс көзқарастардың болуы керектігін, ислам әлемі бойынша құпталған көзқарастардың бар екенін, тіпті, біздің елде еркін дінді ұстанып та өмір сүруге болатындығын саналарына жеткізуге тырыстық,-деді теолог. Оның айтуынша, Сирияда жүрген қандастармыз елге оралуға мүмкіндік барын білгенде барлығы жазылып, жаппай кетуге әрекет жасағаны, сұраныстың өзі сол жақтағы идеологиялық күйреуін көрсетеді. Өйткені, Сирияда жүргеніне алды 10 жылдан аса, арты 4-5 жылға жеткен адамдар бар.
−Олардың ішінде сол жердің салт-дәстүрі, нанымы санасына сіңіп кеткен жандарды да ескеруіміз керек. Бірақ соған қарамастан елге қайтуға әркет жасаудың өзі бейімделудің алғашқы қадамы деп айтуға болады. Біз осыны жалғастырып, оның қаншалықты оң бағыт екенін, тиімді болатынын түсіндіруге тырыстық. Олардың барлығын дәстүрлі көзқарасқа енді деп айту әлі ерте. Дегенмен, бұл бағытта оң тенденция байқалады. Бұл жағдайда оларды қайтадан қайтарудың дұрыс емес екенін айтудың да, осындай ойда болудың да қажеті жоқ. Себебі, жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Ол да болса біреудің баласы, туысы, ағасы я болмаса бауыры ғой. Оларда қайта ортамызға бейімдеп жатсақ біз үшін үлкен жетістік,-деді Тышхан Кеңшілік. Оның сөзінше, жат ағымның жетегіне кеткен адамдарды қолдауға екі нәрсе себеп болып отыр. Біріншіден, өзге идеологияның адамы ортамызда жүрсе елдің ішін алатайдай бүлдіре беруі мүмкін. Әрі қарай өз идеологиясын дұрыс деп есептей беруі мүмкін. Тіпті, өз ұрпағын, бала-шағасын осы бағытта тәрбиелей беруі мүмкін. Екіншіден, деструктивті діни ағымының жетегіне кеткен адамдарды өз ортамызға бейімдеп, қоғамда белгілі бір орын алуына, біздің ұстанымдарға қарай бейімдейтін болсақ, олардың отбасында тыныштық орнайды. Бұл дегеніміз мемлекеттегі діни қақтығыстардың туындамауына әсер етерін фактор. Әрине, белгілі бір деңгейде оларға да қатысты қатаң шешімдер қабылдануы да керек шығар. Бірақ жоғарыда айтқанымдай, біз өз елдігімізді көрсетіп, қол ұшымызды беруге тиістіміз. Сонымен қатар, бұндай жасалып жатқан жұмыстар, жылы көзқарастар, түсінушілікпен қабылдаудан кейін кеткендердің барлығын оңалта береміз деген ой тумауы тиіс. «Жусан» операциясы сияқты көмек үнемі қайталана береді, мемлекет адасқандарға үнемі қолдау көрсетеді деген жаңсақ ойдан арылуымыз керек. Бұған қоса, Сириядан қайта алмай ескерусіз, жоқтаусыз, көмілусіз қалғандар да бар. Осыны да ескеруге тиіспіз. Оралып жатқандарың ішінде біреуінің баласы, біреуінің күйеуі енді біреуінің қайын атасы сияқты барғандардың барлығы емес мүмкіндікке іліккендер ғана оралды. Сондықтан адасушылыққа негізделген ошақтардың саяси мүдделерге негізделгенін өзге жұрт ұғынса екен. Өзгенің қателігі қалған азаматтарға сабақ болса екен. Сириядан қайтқан қандастарымыз өздері санасында жасап алған ханифат деген ұғымның қандай екенін көздерімен көріп, мән-жайға қанық болды,-деді ол. Теологтың айтуынша, Сириядан оралған қандастармыз үшін ең алдымен қоғамның оларды жатырқамауы аса маңызды.
−Адам ретінде қоғамның қолдауын сезініп, мейірімін көрсе бұндай қарым-қатынасқа опасыздық жасамас деп ойлаймын. Ең алдымен оларға елдегі туған-туыстарынан, аға-бауырларынана қолдау керек. Екіншіден әлеуметтік көмек көрсетілуі тиіс. Себебі, оларың Сирияда бірнеше тұрмыс құрғандары бар. Ол жақтан туған бірнеше балалары бар. Олардың ертеңгі өмір сүруі, жұмысқа орналасуы, әлеуметтік жағынанан қиындыққа ұшырамауы маңызды. Олардың ертеңгі күні тағы да сол топтың ортасынан табылуы неғайбыл. Үшіншіден, олардың ойларын өзгертуге, дәстүрлі емес көзқарасынан арылуына ықпал етуге жәрдемдесетін білікті мамандардың жұмыс істеуі қажет. Осы жағдайлар ескерілген жағдайда ғана Сириядан келген қандастармыз өзінің бұрынғы қалыптарына келіп, саналарындағы жат ағымның кері ықпалынан айығады.
Айта кетейік, "Жусан" операциясы 3 кезеңнен тұрады. Жыл басынан бері 22 ер адамды, 137 әйелді, 357 баланы аталған опреация бойынша елге оралту мүмкіндігі туған.