Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайында сөйлеген сөзінде қазақ тілі ұлт бірлігінің мызғымас тұғыры екенін баса айтты. Президент бұл орайда мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақ тілін үйретумен айналысатын білікті мамандар бар екенін атап өтті, деп хабарлайды Toppress Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы әлеуметтік желі арқылы тілімізді дәріптеп жүрген азаматтардың да аз еместігіне тоқталды. Мұндай адамдар тіліміздің дамуына үн қосып, оның жарқын келешегін нақты іспен жасап жатқандықтан, олардың еңбегін қоғам болып сыйластықпен, ризашылықпен қабылдауға тиіспіз.
Соңғы жылдары мемлекеттік тілді меңгергісі келетін адамдардың қатары көбейіп келе жатқандықтан, оларға барынша жағдай жасау — біздің ортақ азаматтық парызымыз.
Президент қазақ тілін тез әрі оңай үйренуге мүмкіндік беретін озық әдістемелерді, соның ішінде цифрлық оқу құралдарын әзірлеу қажеттігіне назар аударды. Мемлекет басшысы бұл мәселе қоғамда жиі айтылып жүргенін атап өтіп, осы жұмысқа тіл мамандарын, ақпараттық технология саласының өкілдерін жұмылдыру маңызды екенін жеткізді.
Сөзін қорытындылай келе, Президент қазақ тілін білетін адам қазақ халқын, жалпы Қазақстанды тереңрек танып-білетінін айтты. Тілді меңгерген әрбір азамат еліміздің тарихы мен мәдениетін әлдеқайда жақсы түсінетінін қадап айтты.
















