Елімізде карантин жарияланған кезде бетперде ауадай өте қажет екені мәлім. Осындай қиын сәтте өз халқына көмек беруді жоба жастары бастап кетті, – деп хабарлайды Toppress.kz.
Жобаның 2018 жылғы түлегі – Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданының тұрғыны Қаламқас Дүйсенбаева. Ол өзінің "Тігін ателье" атты кіші жобасын сәтті іске асырған түлектердің бірі. Еліміздің қиын жағдайға тап болған кезінде Қаламқас аудандық ауруханаға медициналық бетперде тігіп берді. Сондай-ақ әкімдік қызметкерлері мен аудандағы үйренушілерге бетпердені қалай тігу бойынша шеберлік сабақтарын өткізді.
Ал, Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының тумасы, жобаның 2018 жылғы түлегі Ақжарқын Тасболатқызы карантин жарияланған күннен бастап волонтерлермен бірігіп халыққа қажетті бетперде тігіп, тегін таратуда.
Бұл үрдісті маңғыстаулық жастар жалғастырып әкетті. Жаңаөзен қаласының тұрғыны, жобамыздың 2019 жылғы түлегі Тартубаева Жазира өзінің кіші тігін ательесінде мектеп ұстаздарына арнап бетперде тігіп, тегін үлестірді.

"Жұмыла көтерген жүк жеңіл болады!" деп текке айтылмаса керек. Осындай қолдауды қажет ететін кезеңде Жастар корпусын дамыту жобасының жастары жарады. "Біз біргеміз, біріксек мықты іргеміз!" деген қағиданы ұстанған Zhasproject-тік жастар бұл індеттен аман-есен шығатынымызға сенеді.
Салтанат Әшірбай











