Жастар корпусын дамыту жобасы (Zhasproject) ҚР Білім және ғылым министрлігімен және Дүниежүзілік банкпен бірлесіп 2017 жылдан бастап іске асырылуда. Жоба жастарды қоғамдастық өміріне тартуға және олардың қоғамдық пайдалы қызметке қатысуына, жас адамдардың өмірлік маңызы бар дағдыларын дамытуға және бастамашылығын арттыруға бағытталған.
Өткен аптада Қазақстандағы Дүниежүзілік банк өкілдері мен Жастар корпусын дамыту жобасының (Zhasproject) басшылығы өздерінің әлеуметтік жобаларын іске асыру үшін 2020 жылы гранттар ұтып алған Қарағанды облысының жастарымен кездесті.
Конкурсқа қатысуға өз әлеуетін, өмірлік маңызы бар дағдылары мен көшбасшылық қасиеттерін дамытуға, бастамашыл идеялар мен әлеуметтік жобаны іске асыруға мүдделі, 14 жастан 29 жасқа дейінгі жас адамдар (жалпы білім беретін мектеп оқушыларынан басқа) шақырылды. Жобада ерекше басымдық жұмыс істемейтін және оқымайтын немесе жұмыс істейтін, бірақ кедейлік шегінен тыс қалып отырған қатысушыларға беріледі.
Жоба шеңберінде Қарағанды облысының 524 адамды қамтыған 155 әлеуметтік жобасы 1 000 000 теңгеге дейін гранттар алды, сондай-ақ 60 000 теңге (ЖОО түлектері) және 40 000 теңге (қалған қатысушылар) мөлшерінде ай сайынғы шәкіртақы алу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қоса, барлық қатысушылар міндетті түрде өмірлік маңызы бар дағдыларға оқытудан өтеді, ал әр бастамашыл топқа ментор бекітіледі, ол іске асырудың бүкіл кезеңі ішінде жоба қатысушыларына көмектеседі.
Дүниежүзілік банктің Тұрақты өкілі Жан–Франсуа Марто бастаған Дүниежүзілік банк командасы, сондай-ақ Жобаны басқару бойынша топ өкілдері және Үйлестіру агенттігінің басшысы Вера Ким облыс жастарымен кездесті.
Қонақтар Қарағанды қаласындағы «LegoTherapy», «Sweet Heart», «Spirit» әлеуметтік жобаларына, Теміртау қаласындағы «вКЛЮЧи детство» жобасына және Абай ауданындағы «Алтын қолдар» ұсталық шеберханасына барды. Кездесу барысында қатысушылар өздерінің жетістіктері туралы айтып, жобаларды іске асыру барысымен бөлісті, грант қаражатына сатып алынған жабдықтарды көрсетті.
Жалпы, 2020 жылы Жоба гранттарына Қарағанды облысының 8 қаласы мен 8 ауданы жастары ие болды.











