Қыркүйектің 26-сы күні Шымкенттегі Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сарыағаш ауданы Абай ауылында "зорланған баланың" ісі бойынша сот тергеуін бастады, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Іске төрағалық етіп жатқан Самиддин Темірәлиевтің айтуынша, сот тергеуі Қылмыстық кодекстің 121-бабы бойынша ("Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер") қаралып жатыр.
Айыпталушы – 2002 жылы туған кәмелетке толмаған бала. Жәбірленуші де кәмелетке толмаған.
Айыпталушы да, жәбірленуші де, олардың заңды өкілдері мен адвокаттары да сот отырысына қатысып жатыр. Істі 12 судьядан құралған алқа би қарайды.
Тамыз айында Қазақстан Бас прокуратурасының тергеу тобы Түркістан облысы (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы) Абай ауылында "зорланған бала" ісі бойынша 14 кешенді сот сараптамасы мен төрт түрлі зерттеу жүргізілгенін мәлімдеген.
"Төрт күдіктінің ішінде біреуі ғана 14 жасқа толған. Оның ісі Қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігіне ("Кәмелетке толмаған балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері") сәйкес деп танылды. Қалғандарына қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Себебі олар 14 жасқа толмаған. Оқиғаның басқа мән-жайы жарияланбайды" деп хабарлаған Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Биыл 13 наурызда Сарыағаш ауданындағы Абай ауылында тұратын Шарипа Батырбекова жеті жастағы жиенін 2017 жылдың тамызынан бері жоғарғы сынып оқушылары бірнеше мәрте "ұрып, зорлағанын" айтқан. Ол жергілікті полицияға дер кезінде шағымданғанымен, тек үшінші рет барғанда ғана арызын қабылдағанын жеткізген. Бұл хабар әлеуметтік желіге кең тарап, жергілікті БАҚ-тың назарына ілініп, әлеуметтің ашу-ызасын тудырып, қатты талқылауға түсті.