Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, еліміздің түкпір-түкпірінен келген 10 командадан 121 палуан қазақ күресінен мықтыны анықтады.
Командалық жарыста палуандар 55 кг, 60 кг, 66 кг, 74 кг, 82 кг, 90 кг, 100 кг, +100 кг қатарлы 8 түрлі салмақ бойынша белдесті. Нәтижесінде, төрт топтың үздігі ірктеліп, әр топтың жеңімпазы анықталды.
Осылайша биылғы қазақ күресінен конфедерация кубогының жартылай финалына төрт команда жолдама алды.
Олар:
"А" тобы – "Елорда батыры" СК (Астана қ.)
"B" тобы – "Qazaq kuresi" СК (Алматы қ.)
"С" тобы – "Қарағанды облысы қазақ күресі" СК (Қарағанды облысы)
"D" тобы – "ЗАК КАР" қазақ күресі СК (Қарағанды облысы)
Естеріңізде болса, алғашқы жылы бес спорт түрінен өткен беделді бәсекенің бағдарламасына 2017 жылы қазақ күресі енгізілген болатын. Алғашқы конфедерация құрамында өткен қазақ күресінің іріктеу кезеңіне сегіз аймақтан он клуб қатысып, Алматының "Qazaq kuresi" спорт клубы жеңімпаз атанған еді.
Конфедерация Кубогы – барлық 14 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаланың командалары арасында бокс, грек-рим, еркін күрес, қазақ күресі, дзюдо және таеквондодан өтетін республикалық маңызы бар турнир.
Бұл сайыстың ерекшелігі сол, спорттың барлық түрлерінен болатын финалдық ойындарды көрермендер бір мезетте тамашалай алады. Турнир биыл үшінші мәрте жалауын көтеріп отыр. Конфедерация Кубогы 2016 жылдан бастап өткізіліп келеді.