Бүгін біз асыл тұқымды мал өсірудің әлемдік тәжірибесі туралы ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ауылшаруашылық академиясының академигі Төреханов Айбын Әдепханұлымен әңгімелестік. Бұл сұқбат мал шаруашылығы туралы мақалалар сериясының жалғасы.
– Айбын Әдепханұлы, өткен жолы тауық жұмыртқасын өндіру бойынша жаңа технологиялар туралы сөйлескенбіз. Сол туралы айтып өтсеңіз?
– Қалыпты технологияда ұрықты тауық жұмыртқасы қосылып жасалған ерітінді қосып мұздатуға қояды. Кемшіліктері: жұмыртқа құрамында аурулар кездесуі мүмкін. Сонан соң, жұмыртқамен жасалған ерітінді мұздату кезінде температура режимін бір қалыпты ұстай алмайды. Осы олқылықтар ұрықтың сапасына әсерін тигізетіні белгілі жәйт еді. Заманауи технологияда жасанды ерітінді бірқалыпты температура ұстай алады және мұздату үдерісі бірнеше кезеңмен жүргізіледі. Алдымен, – 4 градуска дейін салқындатылады, осы кезде ұрықтың суыққа төзімділігін тексеріледі, сонан соң мұздатудың екінші сатысына өтеді, үшінші сатыда – 196 градуска дейін төмендетеді. Шетелдік түтікшелердің сапасы да Ресейлік түтікшеден әлдеқайда жоғары, мұздату кезінде түтікше иілгіштік қасиетін жоғалтпайды. Осындай «нәзік» технология көпшілікке мәлім емес. Эксклюзив деуге де болады.
– Көптеген мамандар етті ірі қара малын қолдан ұрықтаудың қажеттілігі шамалы, далада жайылып жүрген малдарды қолдан ұрықтау қиындық тудырады деген пікір айтады? Сіз қандай пікірдесіз?
– Кеңестік дәуір кезінде зоотехник қызметін атқарған маман ретінде мен осы қереғар пікірмен келіспеймін. Мен еңбек жолымды етті бағыттағы сантагер-труда тұқымы бойынша асыл тұқымды шаруашылықта зоотехник болып бастадым. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында мен істеген Алматы облысы, Панфилов ауданының «Көктал» совхозында етті бағыттағы сантагер-труда сиыры толық қолдан ұрықталатын және совхозда жеке мал асылдандыру станциясы болды. Осы станцияда сантагер-труда тұқымының ең таңдаулы бұқаларынан ұрық дайындайтын. «Космос» деген бұқа ВДНХ көрмесінде Одақ көлемінде салмағы және ұрпағының сапасы бойынша бірінші орынды бірнеше мәрте иеленген еді. Бұл тарих, қазір осы шаруашылық тоқырауға ұшырап күйреді де, аудан көлемінде асыл тұқымды малдың сапасы нашарлап кетті. Әлемдік тәжірибе дәлелдеген, өзіміздің елде жақсы нәтиже көрсеткен осы жетістіктер әзіргі уақытта айтылмайды. Ең сорақысы, осы үрдісті қайта жандандырудың орнына, істің байыбына бармай кереғар пікір айтып, шаруаларды шатастырып жүрген кейінгі буын мамандар бар. Қазақ «түк көрмеген» дейді емес пе, әлемде қандай озық технология бар, шаруалар жоғары деңгейге қалай жетті, осы мәселелерді сараптап жатқан адам аз. Қолдан ұрықтау үшін азғана шығын қажет, мал расколы болса болды. Шаруа онсызда мал дәрігерлік шаралар, мал басын есептеу, бұзауды енесінен ажырату сияқты жұмыстарды расколдың көмегімен атқарады. Мысалы, «Көктал» совхозында көктеуде, жайлауда және қыстақта расколдар болды. Әр бөлімше бекітілген кесте бойынша малын емдеп, ұрықтап, бұзауын ажыратып жататын. Жұмыс дұрыс ұйымдастырылса ешбір қиындық болмайды. Бұл қолдан ұрықтандырудың ұйымдастыру жағы. Жоғарыда айтқанымдай, мал неғұрлым өнімді болса, одан алынатын өнім де арзан болады. Мал өнімділігін арттыру үшін, әрине, мал тұқымын асылдандыру керек. Ал, асылдандырудың ең төте жолы қолдан ұрықтандыру. Неге деген сауалға, маман ретінде былай деп жауап айтамын: ұрық алуға қойылған бұқашық тек асыл тұқымды малдан таңдалып алынады. Таңдау барысында бұқашықтың енесі элита-рекорд санатынан, ал әкесі ұрпағының сапасы бойынша бағаланған бұқа болуы шарт. Мал асылдандыру талаптарына сай асыл тұқымды мал санатына төрт буын ұрпақ таза тұқымды болғаны және көрсеткіштері тұқымдық стандарттан жоғары болғаны ескеріледі. Осындай қатаң талаптар үдесінен шыққан бұқашық және әкесінің ұрпағының сапасы бойынша тектілік тегеуірінін дәлелдегенін ескерсек, әрине, одан өрбіген ұрпақтар жақсы жетістіктерге жететініне толық мүмкіндік бар.
– Осы тұста шетелден келген тұқымдардың біздің малдан артықшылығы бар деген пікірге не айтар едіңіз?
– Әрине, қазақ «әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деп айтады. Мал тұқымы деп ғылыми тілде жергілікті жағдайға бейімделген өзіндік ерекшеліктері бар, белгілі ортада өсіп қалыптасқандықтан өзіне тән белгісімен айқындалатын мал тобын атайды. Оларға ортақ белгілер: дене тұрқы мен бітімі, шаруашылыққа пайдалы белгілері /сүтті, етті, жүнді қасиеттері/ және бұл қасиеттері тұрақты тұқым қуалайды. Осы малдардың адамға пайдалы белгілерінің ұрпағына тұрақты берілуі мал сұрыптау барысында басшылыққа алынатын — басты заңдылық. Мал тұқымы негізінен қарапайым және зауыттық (арнайы бағыттағы) топқа бөлінеді. Қарапайым немесе жергілікті (аборигенді) мал — белгілі бір табиғи ортада ұзақ жылдар бойы өсірілген, сол жағдайға бейімделген мал тұқымы. Мысалы, қазақтың жабы жылқысы мен еділбай қойы. Зауыттық малдарға өндіріс пен адамзат талабына сай белгілі бір өнімдік бағытта адамның қолдан сұрыптауы арқылы қалыптасқан мал тұқымы. Бұл топқа белгілі бір құнды қасиеттері жақсы дамыған, сол белгілері ұрпаққа тұрақты берілетін қасиетке ие мал тұқымдары жатады. Мысалы, голштин, симментал, швиц, айршир сүтті сиыр тұқымдарын және ангусс, герефорд, шароле, лимузин етті бағыттағы сиыр тұқымдарын атауға болады. Нарық экономикасы дамыған қазіргі заманда, көбіне, мал тұқымының зауыттық тұқымдары өсіріледі.
– Әлемдік тәжірибеде бұл қалай жүзеге асуда?
– Бүгінгі таңда, әлемдік тәжірибе бойынша, мал тұқымын жақсарту үшін селекциялық тұрғыдан құнды белгілері жақсы дамыған зауыттық тұқымдардың аталық малдары таңдалады. Сырттан аналық мал әкелу тек сүтті мал шаруашылығында ғана кеңінен қолданылады, әрине, мал басын жеткілікті деңгейге тез жеткізу үшін бұл жедел жол. Жайылымда бағылатын малдардың өнімділігін арттыру үшін, көбіне асыл тұқымды аталық малдарды қарқынды қолданады. Өйткені, сүтті мал, негізінен, қораларда өсірілетіндіктен және мал азықтандыру рационы біртектес болатындықтан олардың жерсіну үдерісі көп қиындық туғызбайды. Етті бағыттағы сиыр малының жерсінуі сыртқы қоршаған орта әсеріне және жайылымдағы шөп қауымдастығына тікелей тәуелді. Осы орайда, тек ғылыми ізденістерде дәйектелген, малдың басқа ортаға бейімделу үдерісін толық айқындайтын деректер көпшілікке беймәлім. Мысалы, жерсіну барысында мал қоршаған орта климатына және жейтін азығына бейімделеді. Мысалы, суық жерге келген малдың қан айналымы артып, терісі қалыңдап, үлпілдек жүн шыққанша уақыт өтеді. Бұл климаттық ерекшелікке үйрену. Осы үдерістен басқа, малдың ас қорыту жүйесі жаңа азықты қорытуға бейімделеді. Өйткені, ірі қара малының асқазанында сапрофиттік микроорганизмдер қалыптасқан, осы организмдер жаңа ортадағы өзіне белгісіз азықты қорыту үшін, қызметін өзгертіп, сол азықты қорытып, оны коректік затқа айналдыруға бейімделуі уақыт талап етеді. Сиыр етінің экспорттық әлеуетін көтереміз деген бастама кезінде осы түйткіл айтылғанымен тыңдар құлақ болмады. Бүгін уақыт мінберінен қарасақ, шетелден келген «кірме малдың» барлық аймақта бірдей жерсінгені байқалмайды. Көбіне, герефорд тұқымы тез бейімделді, ал ангусс малын өсіруде әлі де қалыпты жағдай тұрақталмады. Әрине, мал әкелген мамандар малды мақтап, жақтап жатады, дегенмен шындық көпшілікке мәлім. «Итің жаман десе де, тіксінетін» халықпыз ғой, бәрі жақсы, бірақ, әр малдың өскен ортасы, жеген азығы бар, оның басқа ортаға бейімделуі табиғи құбылыс. Мысалы, шетелден әкелген мамандандырылған етті ірі қара малдары – ангусс, герефорд тұқымдары, көбіне, шөп шүйгіні мол, екпелі жайылымдарда өсірілген малдар. Қазақстанда көк майса жайқалған жайылымдар шектеулі. Мал өрісінің ауқымы кең, сондықтан аяғынан таусылып шөп шүйгінін тауып жеуге үйрену керек. Одан басқа шалғай жайылымдарға бару үшін ұзақ жолға шыдас беретін, тұяғы мықты болғаны абзал. Шет елден келген кірме мал, негізінен екпелі жайылымда еркін жайылып, тастақты жер дегенді білмейтін мал. Мал да адам баласы тәрізді, басқа елге барып, сол елдің тамағын жесеңіз, кейде батпайды ғой, сол сияқты оларда жаңа ортаға бейімделу керек.
Кеткен кемшілік, алға қойылған мақсатты қорғаймыз деп, ғылымға мәлім бейімделу үдерісін бақылауға алып, осы үрдісті сұрыптау жұмыстарына арқау етуге мойын жар бермеді. Жалпы, экспорттық әлеует бағдарламасын жүзеге асыру барысында ғалымдардың айтқан уәждері ескерусіз қалды. Сенатор А. Күрішбаевтің мәлімдемесінде 153 мың бас мал әкеліп, 500 млн $ ақша жұмсалған бағдарламаның нәтижесі мардымсыз. Бүгінгі күнге ет экспорты 9,2 мың тоннаға жетті, ал бағдарлама бойынша 2016 жылы 60 мың тонна ет, 2020 жылы 180 мың тонна ет экспортқа жөнелту көзделген еді. Осы цифрлар істің нәтижесін айғақтап тұр емес пе.