11 мамыр күні 112 телефон нөміріне Орал қаласының тұрғыны қоңырау шалған. Желаев аумағында демалып жүрген әйел адам 2 жасөспірімнің көмекке шақырып жатқанын көрген, – деп хабарлайды Toppress.kz.
2005 және 2006 жылы туған жасөспірімдер карьер ортасымен аралға өтіп, кері жағаға қайтып келе алмаған.
БҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағының №3 құтқару бөлімшесі жедел шақыртуға шықты. Құтқару жұмыстарына жеке құрамның 3 құтқарушысы және 1 бірлік автотехника мен жүзу құралы жұмылдырылды.
Құтқарушылар құтқару қайығымен жасөспірімдерді достары күтіп тұрған жағаға аман-есен жеткізді. Жасөспірімдер су жағалауында үлкендердің қарауынсыз болған, құтқарушылар олармен тәрбиелік түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, су айдындарындағы негізгі қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Кейін балалар үйлеріне жіберілді.
Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті қала және облыс халқына судағы қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін ескертеді:
- жағажай болмаған жағдайда, қауіпсіз және рұсат етілген жерде ғана суға шомылыңыз, судың тазалығын, тереңдігін мұқият тексеріп алыңыз. Таныс емес жерлерде сүңгімеңіз, себебі су түбінде қауіпті жағдайлар болуы мүмкін. Суға шомылар алдында демалып алған жөн. Тамақтанып болысымен және масаң күйде суға шомылмаңыз.Қалтырай бастасаңыз суда шомылуды тоқтатыңыз. Тәулігіне 2 рет қана таңертең және кеште суда шомылу ұсынылады.
Егер иірімге тап болсаңыз, кеудені кере демалып, иірімнің астына сүңгіңіз. Судың астында иірімнен алысырақ кетуге тырысыңыз. Иірімнен алыстаған соң судың бетіне қайта шығып, жағаға қарай жүзіңіз.