Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайында сөйлеген сөзінде әділетті қоғам құру үшін әр іске жауапкершілікпен қарап, бір-бірімізге жанашыр болу маңызды екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, «Таза Қазақстан» идеясына сай табиғатқа қамқор көзбен қарап, болмысымызды, ниетімізді және тілімізді таза ұстау қажет, деп хабарлайды Toppress Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы өркениетті қоғамда дөрекі сөйлеуге, біреудің ар-ожданына нұқсан келтіруге, өзгелерді кемсітуге, қоқысты көшеге немесе қоғамдық жерлерге лақтыруға, кез келген жерге түкіруге және мүлікті бұзып, сындыруға мүлде жол берілмейтінін қадап айтты.
Президент бұл әрекеттер заң бойынша қатаң жазаланатынын және бұл барлық құқық қорғау мекемелеріне қатысты маңызды тапсырма екенін жеткізді. Отанымызды жаңа өркениетті деңгейге көтеру жолында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәртебесін көтеру, күшейту және дәріптеу — басты тарихи миссия.
Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен Тәртіп» ел өмірінің ажырамас бөлігі, бұлжымас қағидаты болуға тиіс екенін ерекше атап өтті.
Өйткені заң мен тәртіп үстемдігі – мемлекеттілігімізді нығайтудың және егемендігімізді қорғаудың бірден-бір шарты.
Алайда Президент кейбір теріс пиғылды адамдар «Заң мен тәртіп» қағидатын бұрмалап, оны қысым жасаудың құралы ретінде көрсеткісі келетінін айтып, мұндай арамдық сипаттағы келеңсіз әрекеттерге қатаң тосқауыл қою керектігін мәлімдеді.
















