Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов бүгінгі таңдағы еліміздегі діни ахуал жайында баяндап, бұл бағытта атқарылып жатқван жұмыстарды атады. Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізде конфессияаралық татулық сақталған, діни ахуал тұрақты, деп хабарлайды Toppress.kz.
Бұл – бүгінге дейінгі мемлекеттің дін саласындағы саясатының қол жеткізген табысы. Егемендік бізге тек қана ілгерілеуге және өркениетке қарай жол ашты. Бұл ретте тәуелсіздік жылдарында еліміздегі ұлттық діни қайта өрлеу кезеңі болды. Елімізде дәстүрлі діндер қоғамдық өмірдің ажырағысыз бір бөлшегіне айналды. Елдің тыныштығын, бірлігін сақтай алдық. Кейде ел ішінде бүлік шығарғысы келетін азаматтардың іс-әрекеттеріне құзырлы органдар тарапынан тыйым салынып, елде деструктивті діни ағымдардың жетегіне кеткен азаматтармен де оңалту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нәтижесінде деструктивті діни ағымдарды жақтаушылар санының төмендегені байқалуда,-деді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы.
Оның айтуынша, жыл басынан бері "Жусан" операциясы арқылы 500-ден астам азамат елге оралған. Мемлекет өз азаматтарының қай жерде болса да, олардың тағдырына бейжай қарамай, қол ұшын созып, аман-есен алып келді. Бүгінде Сириядан оралған азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу шаралары жан-жақты жүргізілуде. Атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мемлекеттіміздің азаматтарға жасап жатқан үлкен қамқорлығы деп айтар едім. Бұл бағытта жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Ержан Нүкежановтың пікірінше, елімізде түрлі конфессия өкілдері әрдайым өздерінің уағыздарымен адамдарға жалпы адамгершілік құндылықтарды, қоғамдағы діни таным, түсінік нормаларымен қатар, біз айтып отырған қайырымдылық мәселесін де насихаттауда. Әсіресе елімізде ислам және православие дінінің өкілдері қайырымдылық шараларын жария түрде атқарып келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының күнделікті жұмыс бағыттарының бірі қайырымдылық шараларын жиі өткізу, қамқорлық акцияларын ұйымдастыру екендігі белгілі. Жәрдемге мұқтаж қаншама отбасы мешіттердің көмегіне жүгінуде. Тіпті көпбалалы жанұяларға, жалғыз басты аналарға алып беріп жатқан пәтерлері туралы да көпшілік хабардар. Орыс православие шіркеуі де үлкен қайырымдылық шаралармен айналысады. Балалар үйі, қарттар үйі, госпитальдар мен ауруханаларға көмек көрсетеді.
Мысалға, Алматыда Рождество, Пасха мейрамдарына қатысты қайырымдылық, Кирилл мен Мефодий күндеріне қатысты ағарту шаралары өткізіліп келеді. Сондықтан еліміздегі барлық діни бірлестік өкілдері әрқашанда қайырымдылық жасап, ізетті іс атқаруға атсалысуы керек деп ойлаймын,-деді Дін істері комитетінің төрағасы.











