Әлеуметтік желілерде Алматыдағы баспасөз мәслихатында болған төбелеске қатысқан ер адамның жағдайды баяндаған видеосы жарияланды, – деп хабарлайды Toppress.kz Tengrinews тілшісіне сілтеме жасап.
Видеода баспасөз мәслихатына қатысқандардың бірі Мұрат Пірмағамбетов әйелдердің алдында кешірім сұрады.
Өзіме сырттан қарадым. Бұлай болмауы керек, мен әйелге қол көтердім. Сол ісім үшін өкінемін. Менің әрекетімнен, ұстамсыздығымнан зардап шеккен әйелдерден кешірім сұраймын. Бәріңізден кешірім сұраймын, – деді ол.
Бұған дейін желіде Мұрат Пірмағамбетовтің дәлізде әйелдерді ұрған сәтінің видеосы таралған болатын. Ал әйелдер жауап ретінде ер адамды ұруға тырысады. Әлеуметтік желілердегі мәлімет бойынша, Мұрат тыйым салынған ҚДТ ұйымының мүшесі және Алматыдағы түрлі митингілерге қатысқан.
Естеріңізге салсақ, 22 шілдеде Алматыда баспасөз мәслихаты кезінде әйелдер төбелес шығарған болатын. Бес адам полицияға арыз жазған. Сондай-ақ үш адам "іс-шара ұйымдастырушылары мен журналистер дене жарақаттарын келтіргенін" айтып арызданған. Енді сот-медициналық сараптама болады.