Адам ағзасының дұрыс жұмыс істеп тұруы үшін тістің саулығы өте маңызды. Жас кезде тіске дұрыс күтім жасалмаса, орта жаста тістің түсуі жиілеп кетеді. Ал ауыз қуыстағы жоқ тістің орнына тіс техниктері протез жасап беріп, адамның тамақ жеу қасиетін жеңілдетеді. Стоматологияда протездеу саласы осы тіс техниктері арқылы жүзеге асырылады, Toppress.kz деп хабарлайды.
2018 жылы елімізде алғаш рет Талдықорған жоғарғы медицина колледжінде есту қабілетінен айрылган жандарға тіс техник мамандығы бойынша оқытатын арнайы топ ашылады. Бұл бұрын-соңды болмаған жаңалық еді. Міне сол уақыттан бастап тіс технигі мамандығына сұраныс арта бастайды. Айта кету керек, тіс технигі болу үшін тікелей адамдармен байланыс қажет етілмейді. Емханаға тісі аурып келген кісінің тісі мен ауыз қуысының үлгісі алынып, одан арнайы протез жасайтындар осы тіс техниктер.
Жастар корпусына дамыту жобасының қатысушысы Асланбек Төлепбеков аталған тіс технигі мамандығы бойынша тәлім алушылардың бірі. 2020 жылдың басында Zhasproject жобасы жайында естіген Асланбек «Әлеуметтік тіс кабинетін» ашуды көздейді. Осылай әлеуметтік жоба байқауына қатысып, 1 миллион теңге көлемінде қаржы ұтып алады. Әлеуметтік жобада Асланбектен басқа Әлімбаев Ілияс, Найманова Мәншүк және Төлепбеков Әлішер сынды жастар бар. Қазіргі уақытта олар өз оқуын тіс кабинетінде тәжірибемен ұштастырып жүр.
Әлеуметтік жобаның новаторы Асланбек Төлепбеков: “Бала кезде өте зерек болдым, өсе келе мектеп табалдырығында түрлі олимпиадаларға қатысып жүлделі орындарға ие болдым. 18 жасымда жайсыз болған оқиға мені тіс технигі болуға итермелеген шығар. Жағыма ота жасату кезінде күретамырға скалпель тиіп кетіп, есту қабілетінен айрылып қаладым. Алайда дәрігердің қателігі менің армандарыма кедергі бола алмайды. Бар жігерімді жинап, тіс технигі мамандығына оқуына түстім. Мамандығым арқылы қарапайым халыққа көмектескім келеді. Сурет салғанды және саяхаттауды ұнатамын”.
Қаладағы жеке меншік клиникаларда тіс технигі бойынша құлағы естімейтін мамандарды жұмысқа алмайды екен. Алайда Асланбек және оның достары қамықпайды. Жастар корпусын дамыту жобасынан алған сомаға өздерінің жеке кабинетін ашты. Талдықорған жоғары медицина колледжінің әкімшлігімен бірлесе «Қазақ саңыраулар» қоғамының аудармашысы Марат Жұмабеков мырзаның көмегімен жастарға тегін кабинет берілді. Zhasproject жобасының арқасында Асланбек пен оның топ мүшелері тіс кабинетіне қажетті медициналық құрал-жабдықтарды сатып алды. Қазіргі таңда тіс протезін жасау кабинетінде айына 10-нан аса адамға протез жасалынып отыр. Алдағы уақытта келушілердің саны әлі де өседі деп күтілуде
Мәншүк Найманова, жоба қатысушысы: “Жалпы Талдықорған қаласында бір протездің бағасы 30 мың теңге көлемінде. Ал біздің стоматологиялық кабинетте протезді тегін жасап береміз. Мұнда келген науқастан арнайы ауыз қуысының үлгісін алынады, арнайы альгинатты тіс технигіне жібереді, түскен тапсырысты ол үлгі көшірмесі арқылы анықтап тапсырысты орындап кайта жөнелтіледі. Осылай халықтың әлеуметтік жағдайына қарасып, тегін протез жасап беріп, халықтан алғыс алып жатырмыз”.
Жастар корпусы дамыту жобасынан алынған қаржы жастарға үлкен мүмкіндік беріп қана қоймай, халықтың тегін протезге ие болуына септігі тиіп отыр. Алдағы уақытта Асланбек және топ мүшелерінің тіс кабинетінің жұмысын ұлғайтуды көздейді. Олар 12-ге жуық стоматологиялық қызмет түрін көрсетуді жоспарлауда.











