Конституция тек құқықтық құжат емес, сонымен бірге қоғамның құндылықтарының, оның тарихи тәжірибесінің және стратегиялық даму бағдарларының көрінісі. Демек, Ата Заңға енгізілетін қазіргі өзгерісті мемлекеттіліктің кемелденгенінің, еліміздің жаңа даму кезеңіне аяқ басуының көрсеткіші деп бағалау қажет. Бұл туралы сарапшы Алтын Есіркепова айтты.
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Экономика» кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Алтын Есіркепова Қазақстан Республикасындағы конституциялық реформаларды дәл осы тұрғыда – мемлекеттің институционалдық тұрақтылығын нығайтуға және мемлекеттік басқару сапасын арттыруға жасалған қадам ретінде қарау қажет екеніне тоқтала келе, конституциялық нормаларды жаңарту мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, мемлекеттік органдардың азаматтар алдындағы жауапкершілігін арттыруға, әділеттілік қағидаттарын және мемлекеттік саясаттың әлеуметтік бағытын нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Оның айтуынша, бұл Қазақстанның қоғам мен мемлекет арасындағы сенімге, қоғамдық келісімді нығайтуға, институттардың тиімділігін дәйекті түрде арттыруға негізделген даму моделін құруға ұмтылысын көрсетеді.
«Экономикалық тұрғыдан алғанда конституциялық реформалардың маңызы кең ауқымды қамтиды. Мемлекет, бизнес және қоғамның өзара әрекеттесуінің тұрақты және болжамды ережелері елдің инвестициялық тартымдылығының негізін құрайды, институционалдық тәуекелдерді азайтады және кәсіпкерлік белсенділіктің кеңеюіне ықпал етеді.Басқарудың ашықтығын нығайту, халықтың қатысу тетіктерін дамыту, құқықтық кепілдіктерді күшейту іскерлік бастаманың өсуіне, экономиканы технологиялық жаңғыртуға, ұлттық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасайды», – дейді Алтын Махмұдқызы.
Сонымен қатар, ол бұл процестер ұлттық институттардың тұрақтылығы экономикалық қауіпсіздіктің негізгі факторына айналған кезде жаһандық экономикалық трансформация жағдайында ерекше мәнге ие болатынын жеткізді.
«Себебі конституциялық өзгерістер теңгерімді өңірлік дамуды қамтамасыз етуге, кәсіпкерлікті қолдауға, адам капиталын пайдалану тиімділігін арттыруға қабілетті неғұрлым тұрақты институционалдық ортаны қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл экономиканы әртараптандыру, индустриялық жаңғырту, өсудің инновациялық моделіне көшу міндеттеріне тікелей қатысты», – дейді профессор.
Алтын Есіркепованың пайымынша, Ата Заңның жаңартылуы азаматтардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік саясаттың ашықтығын арттыруға бағытталған құқықтық кепілдіктерді күшейтеді. Яғни, транспарентті және әділ құқықтық орта құру халықтың мемлекетке деген сенімін нығайтады, әлеуметтік белсенділікті ынталандырады, азаматтық жауапкершілік деңгейін арттырады. Ұзақмерзімді перспективада экономиканың тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудың негізін дәл осы институттық жағдайлар жасайды.
«Жалпы, конституциялық реформалардың стратегиялық маңыздылығы олардың адамға бағдарлануынан көрінеді. Мемлекеттік саясат неғұрлым айқын әлеуметтік бағытқа ие болса, азаматтардың құқықтары, қауіпсіздігі және мүмкіндіктері дамудың негізгі бағдарларына айналады. Басты шешімдерді қабылдауға қоғамның қатысуын кеңейту, Үкіметтің жауапкершілігін арттыру, құқықтық кепілдіктерді күшейту болашаққа деген сенімді қалыптастырып, қоғамдық бастаманы ынталандырады», – дейді профессор.
Сонымен қатар, ол Конституцияны жаңарту Қазақстанның институционалдық жаңғыруының маңызды кезеңі саналатынын да атап өтті. Соған сәйкес тиімді басқару негіздері нығайтылады, тұрақты экономикалық өсуге ықпал етіледі және адамдар, олардың білімі, еңбегі және азаматтық белсенділігі дамудың негізгі ресурсы болатындай жағдай жасалады деп есептейді.
«Яғни, конституциялық реформалардың ұзақмерзімді мәні және олардың Қазақстан Республикасының одан әрі прогрессивті дамуы үшін маңызы айрықша екенін дәл осыдан байқауға болады»,– дейді Алтын Есіркепова.












