Бүгін Астанада Қытай мемлекеттік даму банкінің өкілдігі ашылып, банк ресми түрде өз жұмысын бастады. Салтанатты шараға «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов пен Қытай мемлекеттік даму банкінің атқарушы Вице-президенті Лю Цзинь, Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов және Қазақстандағы қытай елшісі Чжан Сяо қатысты.
Жиында сөз алған Қытай мемлекеттік даму банкінің атқарушы Вице-президенті Лю Цзинь мырза аталған банктің қаржылық даму институты ретінде Қазақстанға ерекше назар аударып отырғанын жеткізді.
−2005 жылы банк Қазақстанға ресми жұмыс тобын жіберген болатын. 2006 жылы алғаш рет «Мойнақ СЭС» жобасына қаржылық қолдау көрсетті. Осылайша екіжақты серіктестік басталды. Осы 13 жыл ішінде ҚМДБ Қазақстан Үкіметі мен ҚХР елшілігінің қолдауымен бірнеше мемлекеттік органдар және қаржылық ұйымдар мен кәсіпкерлер тығыз достық қарым-қатынас орнатты, – деді Лю Цзинь. Оның айтуынша, 2018 жылдың маусым айының соңына дейін ҚМДБ Қазақстанда жалпы сомасы 33,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 32 жобаға қолдау көрсетіп, 28 млрд АҚШ долларын құрайтын құжаттарға қол қойған.
−Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестік «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында белсенді дамып отыр. Алдымызда үлкен мүмкіндіктер көкжиегі ашылды. Астанадағы ҚМДБ өкілдігі 2018 жылы «Бір белдеу, бір жол» саммитінен кейін банктің шетелде ашылған алғашқы өкілдігі. Екі елдің көшбасшылары арасындағы келісімнен кейін оларды жүзеге асыруға нақты шаралар қабылданды», – деді ҚМДБ атқарушы вице-президенті.
«Астана» халықаралық қаржы отралығының басқарушысы Қайрат Келімбетов өз сөзінде Астанада ҚМДБ өкілдігінің ашылуы екі ел көшбасшылары арасындағы келісімдерді жедел әрі тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.