Қазақстанның даму бағыты соңғы жылдары жаңа мазмұнға ие бола бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, елдің халықаралық аренадағы орны енді тек табиғи ресурстармен емес, ең алдымен ғылыми және интеллектуалдық әлеуетімен өлшенуі тиіс. Бұл – жаһандық трендтерге сай келетін, білім мен инновацияға негізделген жаңа даму моделіне көшу деген сөз, Toppress.kz хабарлайды.
Осы контексте саяси реформалар, Конституциядағы өзгерістер, сондай-ақ Ұлттық Құрылтай сияқты жаңа институттардың пайда болуы мемлекеттің басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған. Сарапшы Ардақ Монтаевтың пікірінше, Қазақстан эволюциялық, басқарылатын модернизация жолын таңдап, «күшті мемлекет + дамушы азаматтық қоғам» моделіне бет бұрды. Бұл бағыттың табысы ғылыми капиталды дамыту, институттардың тиімділігі және қоғам мен билік арасындағы сенім деңгейіне тікелей байланысты.
– Касым-Жомарт Токаев еліміздің ғылыми капиталы оның халықаралық аренадағы беделінің басты өлшеміне айналатынына сенім білдірді. Сіз Мемлекет басшысының бұл ұстанымымен келісесіз бе? Ол қандай негіздерге сүйенеді?
– Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған тұжырым қазіргі жаһандық даму логикасына толық сәйкес келеді. ХХІ ғасырда мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі классикалық ресурстардан (жер, шикізат) гөрі интеллектуалдық және ғылыми капиталға тәуелді.
Ғылыми капитал ұғымын Пьер Бурдьё енгізген “капиталдардың көптүрлілігі” теориясы арқылы түсіндіруге болады. Оның пікірінше, экономикалық капиталмен қатар мәдени және символдық капитал да маңызды. Ғылыми капитал – осының синтезі:
•білім мен зерттеу нәтижелері (knowledge production),
•ғылыми институттардың сапасы,
•халықаралық ғылыми желілерге кірігу деңгейі.
Халықаралық қатынастар теориясында бұл құбылыс “soft power” ұғымымен үндеседі (Джозеф Най). Яғни, елдің тартымдылығы оның ғылымы мен білімі арқылы артады.
Президенттің жоспарының формуласы: Ғылыми жаңалықтар → инновация → экономикалық өсім → геосаяси ықпал;
– Касым-Жомарт Токаев Конституцияның преамбуласында алғаш рет мәдениет, білім, ғылым және инновация құндылықтарына нақты бағдар берілгенін атап өтті. Бұл мемлекеттің дамуы үшін қаншалықты маңызды?
– Конституцияның преамбуласында ғылым мен инновацияға басымдық беру – нормативтік деңгейде даму моделін бекіту деген сөз. Бұл –мемлекеттің стратегиялық бағытын анықтайды, бюджеттік саясатқа әсер етеді, қоғамда білімге деген құндылық қалыптастырады. Саяси философия тұрғысынан бұл – “білімге негізделген мемлекет” концепциясы. Маңыздылығына келер болсақ – ұзақ мерзімді институционалдық тұрақтылық, ғылымды саяси конъюнктурадан қорғау, ұлттық инновациялық жүйені қалыптастыру.
– Қазақстанның жаңартылған Негізгі заңында көрініс тапқан басты өзгерістерге қатысты пікіріңіз қандай? Сіз қай тұстарын ең маңызды деп санайсыз?
– Қазақстандағы конституциялық өзгерістерді саяси транзит пен институционалдық қайта құру контекстінде қарастыру қажет.
Негізгі бағыттар:
•Билік тармақтарының теңгерімі
•Парламенттің рөлін күшейту
•Азаматтардың құқықтарын кеңейту
Бұл реформалар институционалдық теория тұрғысынан тиімді институттар, тұрақты даму.
– Президент Құрылтайға сайлау тамыз айында өтетінін мәлімдеді. Бұл жаңа саяси институт қазақстандықтарға қандай мүмкіндіктер ашады? Сондай-ақ, ел үшін маңызды оқиғалар туралы алдын ала хабарлау қадамын қалай бағалайсыз?
– Ұлттық Құрылтай – бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының практикалық жүзеге асуы. Ол қазақстандықтар үшін келесі мүмкіндіктерді ұсынады. Қоғам белсенділері, сарапшылар мен түрлі сала өкілдері мемлекеттік маңызы бар шешімдерді талқылауға тікелей қатыса алады. Бұл – шешім қабылдау процесінің тек «кабинеттерде» емес, ашық алаңда өтуі. Құрылтай жаңа бет-бейнелердің, жас саясаткерлер мен қоғамдық пікір көшбасшыларының танылуына, олардың идеяларын жоғары деңгейде таныстыруға мүмкіндік береді. Құрылтай алаңында әртүрлі, кейде тіпті қарама-қайшы көзқарастар тоғысады. Бұл қоғамдағы қордаланған мәселелерді ашық айтып, оның оңтайлы шешімін бірлесе іздеуге жол ашады.
– Мемлекет басшысы: «Құрылтайға сайлау Қазақстанның бүкіл саяси жүйесін ауқымды “қайта құру” үдерісінің бастауы болады», – деп қорытындылады. Соңғы жылдары Касым-Жомарт Токаев бастамасымен жүргізіліп жатқан реформаларды жалпы қалай бағалайсыз? Сіздің ойыңызша, ел қандай бағытты таңдады?
– Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформаларды шартты түрде “басқарылатын модернизация” деп сипаттауға болады. Бұл тәсіл қоғам мен мемлекеттің дамуын күрт әрі тұрақсыз өзгерістер арқылы емес, біртіндеп, эволюциялық жолмен жаңартуды көздейді. Мұнда басты назар революциялық секірістерге емес, тұрақтылықты сақтай отырып, жүйелі әрі кезең-кезеңімен жүргізілетін реформаларға аударылады.
Осындай модернизация үлгісінің негізгі ерекшеліктерінің бірі – саяси тұрақтылықты басымдық ретінде сақтау. Яғни, кез келген өзгеріс қоғамдық келісім мен ішкі тұрақтылыққа нұқсан келтірмей, керісінше, оны нығайта түсуге бағытталады. Сонымен қатар, институционалдық жаңарту маңызды орын алады: мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, заң үстемдігін күшейту, мемлекеттік институттардың тиімділігі мен ашықтығын арттыру – реформалардың өзегіне айналған.
Қазақстан осы үдерісте “күшті мемлекет + дамушы азаматтық қоғам” моделін таңдады деп ойлаймын. Бұл модельде мемлекет стратегиялық бағытты айқындап, негізгі реформаларды үйлестіруші рөл атқарады, ал азаматтық қоғам біртіндеп күшейіп, қоғамдық бақылау мен қатысу тетіктері дамиды. Осылайша, билік пен қоғам арасындағы өзара байланыс жаңа сапалық деңгейге көтеріледі.
Мұндай даму бағыты белгілі бір дәрежеде Сингапур мен Оңтүстік Корея сияқты Шығыс Азия елдерінің тәжірибесіне ұқсас. Бұл мемлекеттер де бастапқы кезеңде күшті мемлекеттік басқаруға сүйене отырып, экономикалық өсімге қол жеткізді, кейін азаматтық институттарды біртіндеп дамытты. Қазақстанның қазіргі реформалары осыған ұқсас логикаға негізделіп, ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып жүзеге асырылуда.












